Абай мұрасын жаңғыртатын орталық: Кентау Назарбек атындағы ұлттық аспаптар оркестрі класы ашылды
Шәкәрім университетінде рухани және музыкалық өмірдің жаңа белесіне өтті. Оқу ордасында «Кентау Назарбек атындағы ұлттық аспаптар оркестрі класы» салтанатты түрде ашылды. Бұл мәдени-рухани белеске жетелейтін клас – музыкалық дәстүрді нығайтатын, жаңа буын өнерпаздардың шығармашылық ізденістеріне арналған болашағы зор жобаға айналды.
Кентау Назарбек ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі. Композитор Теміржан Базарбаевтың төл шәкірті, республикалық, қалалық байқаулардың лауреаты. 200-ден астам қазақи әуезді әндердің авторы, оның 45 - дан астам әні «Қазақ радиосының» алтын қорынан орын алған.
Салтанатты шара Абайдың мәңгілік өсиеті «Әсемпаз болма әрнеге» әнімен ашылды. Заманауи композитор, елдің еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Аркашұлының орындауындағы бұл туынды тыңдарманды ерекше әсерге бөледі. Әннің мазмұнын Ілияс Сабырбаевтың тебіреністі орындауы тереңдете түсті.
Мұқағали Мақатаевтың лирикалық шығармасына Кентау Назарбек жазған «Отан! Отан» әні Шарыпхан Рысгүл мен Рақым Бағжанның орындауында залды бір рухқа біріктірді. Бұл туынды тыңдарманның жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатты.
Салтанатты лентаны қию рәсіміне арнайы қонақтар, қоғам қайраткері, бұрынғы Әділет министрі Ирак Елекеев пен профессор, білім саласының үздігі Зейнолла Тоқаев қатысты. «Шыңғыстау» ұлттық аспаптар ансамблінің әсерлі күйі шараның сәнін келтірді.
Жаңа шығармашылық орталықтың ашылуының маңыздылығын университет басшылығы мен құрметті қонақтар ерекше атап өтті. Ректор Думан Орынбеков болашақ жоспарлар мен жаңа буын музыканттарды даярлаудағы осы кабинеттің рөлі туралы айтты. Ирак Елекеев болса, мәдениет пен өнердің білім алушы жастардың рухани қанығуына қалай ықпал ететініне тоқталды.
Университет ректоры Думан Орынбеков жаңа кластың жас музыканттарды даярлаудағы рөліне тоқталса, Ирак Елекеев жастардың рухани қалыптасуында мәдениет пен өнердің маңызын атап өтті.
Салтанатты кештің шарықтау сәті – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамастың Абай сөзіне жазылған «Абай өсиеті» әнінің тұсаукесері болды. Бұл туынды ұлы ақынның мұрасының заманауи жаңғыруын паш етті.
Кабинеттің ашылуының бастамашысы Кентау Назарбек өз сөзінде жастар шығармашылығын қолдау – ұлттық мәдениетті дамытудың басты тетігі екенін ерекше айтты.
Жаңа ашылған кабинет – тек оқу бөлмесі емес, болашақта әлемге танылатын өнер иелерін тәрбиелейтін рухани орда. Бұл – дәстүрлі музыканы сақтау мен дамытуға, жаңа таланттарды іздеуге арналған шығармашылық орталық. Осындай игі бастамалар қазақ музыкасының болашағының жарқын боларына сенім ұялатады.