Жаңалықтар 12.11.2025 34

Ғылымдағы сенім мен серіктестік: Шәкәрім университеті халықаралық ғылыми платформада

Ғылымдағы сенім мен серіктестік: Шәкәрім университеті халықаралық ғылыми платформада

7 қарашада Қытайдың батысындағы Шэньси Ғылыми-техникалық инновациялық портында «Бір белдеу – бір жол» ғылыми-технологиялық жетістіктер көрмесі мен Шэньсидегі инновациялар мен кәсіпкерлік жөніндегі конференция ашылды. Әлемнің 18 елінен келген үкімет, университет, кәсіпорын және инвестициялық ұйым өкілдері Сиань қаласында жиналып, ғылыми-техникалық жетістіктерді трансформациялау, инновация және кәсіпкерлік салаларында терең ынтымақтастық орнату жолдарын талқылады.

Конференция жұмысы аясында форумдар, арнайы сессиялар, ғылыми жобалар таныстырылымдары және жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – «қатты технологиялар» саласындағы ғылыми жетістіктерді нарыққа шығару, ғылым мен өндірістің, білім мен инновацияның өзара байланысын күшейту болды.

Жоғары технологиялық салаларға басымдық берілген форумда интегралды сұлбалар (IC), жасанды интеллект (AI), биофармацевтика, энергия үнемдеу, үлкен мәліметтер (BigData) және жоғары дәлдіктегі өндіріс жабдықтары бағыттарында жаңа жобалар таныстырылды. Бұл бастамалар Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының ғылыми-инновациялық өлшемін дамытып қана қоймай, Шэньси өңірінің ғылыми-технологиялық экожүйесін нығайтуға бағытталған.

Халықаралық маңызы бар іс-шараға 18 елдің өкілдері – үкімет мүшелері, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, кәсіпорын басшылары және инвестициялық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ауқымды іс-шарада Қытаймен қатар Ұлыбритания, Корея Республикасы, Ресей және Орталық Азия елдерінен келген делегациялар өзара тәжірибе алмасып, серіктестік бағыттарын талқылады.

Қазақстан Республикасының ресми делегациясын Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бастап барды. Университеттің интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай «Бірлесе жұмыс істеп, интеллектуалды логистиканың болашағын қалыптастыру және Қазақстанның цифрлық жаңғыруына үлес қосу» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-инженерлік серіктестіктің дамуы жөнінде сөз сөйледі. Ол өз сөзінде екі университет арасындағы ынтымақтастық 2025 жылдың көктемінен бастап белсенді дамып келе жатқанын, осы уақыт ішінде алғашқы нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Электрлік автоматтандыру саласындағы тәжірибе мен білім алмасу екі ел арасындағы инженерлік ғылымның дамуына, соның ішінде логистика мен өндіріс жүйесінің цифрлық трансформациясына серпін береді. Біз осы конференцияда жаңа технологиялық серпілістердің куәсі боламыз деп сенемін»,- деді ол өз сөзінде.


Конференция барысында халықаралық ынтымақтастық пен жетістіктерді коммерцияландыруға қатысты бірқатар келісімшарттарға қол қойылды. Сиань Цзяотун университеті Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясымен, Қазақстандағы Шәкәрім университетімен және басқа да оқу орындарымен әріптестік жөнінде келісім жасасты. Сондай-ақ «ШЫҰ Жоғары білім беру орталығы – Қытай мен Орталық Азия орталығы» құрылды.

Сиань Цзяотун университетінің президенті Чжан Лицюнь өз сөзінде:

«Ғылыми-технологиялық инновациялар – өнеркәсіптік жаңашылдықтың қозғаушы күші, ал өнеркәсіптік жаңашылдық – ғылыми-техникалық жаңалықтардың жүзеге асу алаңы. Біз ғылыми жетістіктерді «кітап сөрелерінен» «өндіріс алаңдарына» көшіруге, күрделі технологиялардың нақты өмірде «жеміс беруіне» бар күшімізді саламыз»- деді.

Конференция аясындағы маңызды оқиға– Сиань Цзяотун университетінің Шәкәрім университетіне “Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына” арналған жабдықтардың алғашқы партиясының естелік сертификатын табыс етуі болды. Бұл – екі ел арасындағы ғылыми-инновациялық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі және инженерлік ғылымдар саласындағы жаңа кезеңнің басталуы.

Бірлескен зертхана 2025 жылғы маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай индустриялық-инвестициялық форумы» аясында қол қойылған келісімнің негізінде құрылуда. Оның басты мақсаты – ғылым, білім және өндіріс интеграциясын қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірлік инновациялық инфрақұрылымды дамыту. Зертхана жұмысы арқылы жасанды интеллект, жасыл энергетика, ақылды көлік және логистика жүйелері бағыттарында жаңа ғылыми шешімдер әзірленеді.

Бұл жоба Абай облысының инновациялық платформасымен үйлесімді дамып, өңірдің инженерлік-техникалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.






Пікірлер (0)

Пікір қалдыру