Ғылыми кеңес отырысында – университеттің болашаққа бағытталған стратегиялық қадамдары
Бүгін Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жиында оқу орнының дамуындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру, білім беру сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында маңызды шешімдер қабылданды.
Университеттің интернационалдандыру және инновация жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай өз баяндамасында 2025-2026 оқу жылына арналған интернационалдандыру және инновациялық қызметті дамыту жоспарын таныстырды. Ол Shakarim Lab ғылыми-зерттеу орталығының жаңа цехтары мен заманауи зертханаларының жұмыс барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, коммерцияландыру және инвестиция тарту саласындағы атқарылған жұмыстардың нәтижелері, Агробиозертханада құрғақшылыққа төзімді картоп сұрыптарын жерсіндіру тәжірибесінің табыстары және халықаралық серіктестіктерді нығайтудағы жетістіктер де назардан тыс қалмады. Дегенмен, кейбір кемшіліктер мен жетілдіруді қажет ететін тұстардың бар екені де ашық айтылды. Бұл кемшіліктерді жою және университеттің ғылыми әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов университеттің ұлттық және халықаралық рейтингтерге қатысу нәтижелерін саралап, рейтингтік ұстанымдарды нығайтуға бағытталған міндеттерді нақтылады. Оның айтуынша, жоғары оқу орнының беделін арттыру үшін сапалы білім беру, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін жоғарылату және халықаралық тәжірибе алмасу – маңызды фактор. Осы орайда, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін көтеру, ғылыми жарияланымдар санын көбейту және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуын ынталандыру басты назарда болады.
Ғылыми кеңес мүшелері жас ғалымдарды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылуы – университеттің болашақ ғылыми әлеуетінің кепілі ретінде ерекше маңызға ие екені баса айтылды.
Ғылыми кеңес барысында қабылданған шешімдер университеттің алдағы даму жолына айқын бағыт-бағдар берді. Инновациялық жобаларды жүзеге асыру, халықаралық ғылыми байланыстарды тереңдету, студенттер мен жас ғалымдарды ғылымға баулу – бұл бағыттардың барлығы университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаһандық білім кеңістігіндегі орнын нығайтуға қызмет етеді. Кеңес мүшелері өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, әрбір мәселенің шешімін табуға атсалысты.
Отырыстың маңызды сәттерінің бірі – бірқатар белсенді оқытушылардың философия докторы (PhD) дәрежесін алуы және қауымдастырылған профессор куәліктерінің табыс етілуі болды.
Олар:
- Айнұр Жарқынқызы Исмаилова – 8D08201 «Жануарлар туралы ғылым» ғылыми бағыты бойынша философия докторы (PhD)
- Қапан Оралғазыұлы Шакерхан – 8D06110 –«Информатика» ғылыми бағыты бойынша философия докторы (PhD)
- Арайлы Аленханқызы Закиева - "Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы" ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор
- Динара Ошанқызы Қожахметова - "Көпсалалы инжиниринг" ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор
- Роза Серікжанқызы Бекбаева - "Көпсалалы инжиниринг" ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор
Бұл жетістіктер университеттің ғылыми-педагогикалық әлеуетінің өсіп, білікті кадрлар даярлаудағы табысты екенін айғақтайды. Жаңадан дәреже алған ғалымдар мен профессорлар өздерінің білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа беруге, ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге үлес қосатыны сөзсіз.
Отырыс қорытындыланып, Ғылыми кеңес алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға нақты бағыт-бағдар берді. Университет ұжымына жаңа табыстар тілеп, ғылым мен білім саласындағы алға қойған мақсаттарға жету жолында бірлік пен белсенділік танытуға шақырды.