Мектеп пен университет ынтымақтастығы – жаңа сапаға қадам
Білім беру кеңістігі үнемі жаңарып, жаңа көзқарас пен серіктестік мәдениетін талап етеді. Осы бағытта Шәкәрім университеті ерекше қадам жасады. Бүгін университеттің Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы Абай облысы білім басқармасы Семей қаласы білім бөлімінің №50 жалпы орта білім беретін ІТ-мектеп-лицейінің «Келешек мектебі» базасында өтті. Бұл формат кездейсоқ таңдалған жоқ – ол жоғары білім мен орта мектеп арасындағы тығыз байланысқа, білім берудің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа үлгіні көрсетеді.
Жиынға Шәкәрім университетінің Ғылыми кеңес мүшелерімен қатар Семей қаласының білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты. Бәрін біріктірген ортақ мақсат – болашақ педагогтарды кәсіби тұрғыдан жетілдіру, заманауи білім беру тәжірибесін дамыту және мектеп пен университет арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру.
Ғылыми кеңес жұмысын университет ректоры, кеңес төрағасы Думан Орынбеков ашып, қазіргі білім беру жүйесіндегі университет пен мектеп байланысының рөліне ерекше тоқталды.
«Мектеп – болашақ педагогтың алғашқы зертханасы. Мұғалім мамандығын таңдаған әр студент білімнің тек теориясын меңгеріп қана қоймай, мектеп өмірінің шынайы тынысын сезінуі тиіс. Сол кезде ғана нағыз ұстаз қалыптасады»,- деді ректор өз сөзінде.
Отырыс барысында үш негізгі бағыт талқыланды. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Д.М. Оспанова «Мектеп пен университет арасындағы серіктестік: кәсіби құзыретті мұғалім даярлау» тақырыбында баяндама жасап, болашақ педагогтардың кәсіби дайындығын күшейтудің нақты тетіктерін ұсынды. Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Б.Қ. Оспанова университеттегі тұлға дамуын жетілдірудегі инклюзивті білім беру тәжірибесіне тоқталып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеудің жаңа әдістемелерін ұсынды. Ал STEM-білім беру жоғары мектебінің деканы М.Н. Сатымбеков жасанды интеллектінің үздіксіз білім беру жүйесін жетілдірудегі мүмкіндіктерін таныстырып, жаңа технологиялар мұғалім еңбегін тиімді етуге қалай көмектесетінін нақты мысалдармен көрсетті.
Жиын барысында қатысушылар педагогикалық білімнің болашағын, университет пен мектептің бірлескен әлеуетін талқылап, білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, Семей қаласының білім бөлімімен бірлесіп базалық серіктес мектептер желісін кеңейту, инклюзивті педагогика мен жасанды интеллект бағыттарында семинарлар мен тренингтер өткізу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оқу модульдерін әзірлеп, оларды келесі оқу жылынан бастап енгізу мәселелері айтылды.
Білім сапасын арттыру мақсатында педагогикалық бағыттағы студенттер арасында жыл сайынғы «Білім үміті» конкурсын өткізу және «Жұмыс берушілер кеңесі» аясында мектеп директорларының қатысуымен оқу бағдарламаларын жетілдіру туралы шешімдер де қабылданды.
Бұл бастамалар Шәкәрім университетінің стратегиялық бағытына сай. Ректор Думан Орынбеков атап өткендей, университеттің басты мақсаты – практикалық дағдыларды меңгерген, заманауи технологиялар мен инклюзивті ойлауды ұштастыра білетін жаңа буын мұғалімдерді даярлау.
«Бүгінгі ұстаз – білім беруші ғана емес, тұлға қалыптастырушы, қоғамның интеллектуалды болашағын айқындайтын жетекші күш. Сондықтан біз білім беруді ғылыммен, тәжірибені технологиямен, ал теорияны өмірмен ұштастыратын жаңа модель қалыптастырудамыз», – деді ол.
Шәкәрім университетінің бұл бастамасы аймақтық жоғары оқу орындарының білім беру жүйесін жаңғыртудағы жаңа сапалық серпін болып отыр. Мектеп пен университеттің өзара ықпалдастығы – тек кәсіби әріптестік емес, ол – қоғамның рухани және интеллектуалды дамуының кепілі.
Абай еліндегі іргелі оқу ордасы осылайша білім мен болашақтың көпірін берік орнатып, жас ұрпақ тәрбиесіне жаңа көзқарас керек екенін көрсетіп отыр.