Жаңалықтар 11.11.2025 91

XI’AN JIAOTONG UNIVERSITY – SHAKARIM UNIVERSITY: ӨРКЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ. ҒЫЛЫМ ҚУАТЫ. СЕНІМ КЕҢІСТІГІ.

XI’AN JIAOTONG UNIVERSITY – SHAKARIM UNIVERSITY: ӨРКЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ. ҒЫЛЫМ ҚУАТЫ. СЕНІМ КЕҢІСТІГІ.

Қазақстан Президентінің стратегиясы мен ҚХР Төрағасының бастамасы аясында

Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі заманғы ғылыми және білім беру серіктестігі екі мемлекет басшыларының үйлесімді стратегиялық бағытына — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуалды ұлт қалыптастыру және академиялық көшбасшылықтың жаңа орталықтарын дамыту жөніндегі стратегиялық курсы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» бастамасына негізделген.

Осы ұстанымдар Қазақстан мен Қытайдың бірлескен академиялық бастамаларының өзегіне айналып, бүгінде олар нақты нәтижеге бағытталған жобалар — ғылыми зертханалар, мәдени орталықтар және зерттеу альянстары түрінде жүзеге асырылуда.

Ғылым мен технология: идеядан нақты жобаға

2025 жылғы 6 қарашада Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сиань Цзяотун университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының озық ғылыми-технологиялық жетістіктерімен алмасу жөніндегі халықаралық конференциясы аясында Сиань Цзяотун университеті (ҚХР) тарапынан Шәкәрім университетіне (Қазақстан Республикасы) «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына» арналған жабдықтардың алғашқы партиясының естелік сертификаты табыс етілді.

Қазақстан Республикасының ресми делегациясын Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бастап барды.

Бірлескен зертхана ашу жөніндегі келісімге 2025 жылғы 16 маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында қол қойылған болатын.

Жаңадан құрылатын зертхана екі ел арасындағы технология алмасу мен өндірістік серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқарып, ғылыми жаңалықтарға негізделген ортақ экономикалық тізбектің дамуын жылдамдатады. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі инновацияларды дамыту, өндірісті жаңарту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Сондай-ақ, зертхана логистика саласындағы жаңа технологияларды зерттеу мен дамытуға бағытталады. Мұнда автоматтандыру, ақылды логистика жүйелері мен логистикалық саланы жетілдіруге арналған арнайы платформа құрылады. Ол толықтай Абай облысының өңірлік инновациялық платформасына интеграцияланып, қазақстандық инженерлік ғылымның жаңа тынысын ашады деп күтіліп отыр.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова атап өткендей:

«Бұл зертхана – идеядан нақты іске айналған серіктестіктің айқын нәтижесі. Ғылым мен технология саласындағы осындай ынтымақтастық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновациялық даму және интеллектуалды ұлт қалыптастыру стратегиясымен үндес».

Университеттердің стратегиялық серіктестігі

Xi’an Jiaotong University – Қазақстанның жоғары білім саласындағы сенімді серіктесі. Бұл университетпен еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және басқа да беделді оқу орындары ынтымақтастық орнатқан.

Shakarim University осы халықаралық байланыстар жүйесіндегі жаңа буын болып, өңірлік университеттердің де әлемдік ғылыми-академиялық кеңістікте жоғары деңгейде әрекет ете алатынын дәлелдеп отыр.

Ортақ болашақ үшін маңызы

Шәкәрім орталығының ашылуы және Электрлік автоматтандыру бойынша бірлескен зертхананың іске қосылуы гуманитарлық мәдениет пен технологиялық ғылымның бір-бірін толықтырып, біріге дамуын қамтамасыз ететін бірыңғай стратегиялық бағыттың бөлігіне айналады.

Бұл бастамалар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновациялық даму мен ашық білімге бағытталған саясатын, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өркениеттер ынтымақтастығы жөніндегі идеяларын жүзеге асыруда нақты үлгі бола отырып, ХХІ ғасыр – ғылымның, мәдениеттің және өзара сенімнің ғасыры екенін дәлелдей түседі.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру