Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 қараша 2021

30 ЖЫЛДЫҚҚА 30 ИГІ ШАРА: БОЛАШАҚ ҚАРЖЫГЕРЛЕРДІ ДАЙЫНДАЙТЫН «TRAINING CENTRE» ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Өткен айдың соңында «Қаржы мамандықтарының форсайты» атты дөңгелек столы өтіп, университет ректоры Б.А. Ердембеков пен қаламыздағы өңірлік банк филиалдарының басшылары әлеуметтік серіктестік мақсатындағы меморандумдарға қол қойған болатын https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=617199102794943&id=100035145771446.

«Экономика және қаржы» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бүгінгі игі шара сол ынтымақтастықтың алғашқы нәтижесін көрсетті. ҚР ұлттық валюта күніне орай, «30 жылдыққа 30 игі шара» аясында қаламыздың Засядко,80 мекен-жайында орналасқан «Қазақстан Халық Банкі» АҚ филиалының ғимаратында «Training Centre» оқу орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шараның алғысөзінде университет басшысы: «Бүгінгі күнде Білім және ғылым министірлігі қойып отырған талаптар өте үлкен. Соның бірі – жұмыс беруші мен ЖОО арасындағы интеграция. Шәкәрім университеті әр сала бойынша осындай серіктестікті дамытып отыр. Соның бір мысалы бүгінгі қаржы күніне орай «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Семей қаласы филиалымен бірлескен осы игі шарамыз. Мұның барлығы болашақ маманның біліктілігін арттыру үшін, өз мамандығына қызықтыра түсу үшін. Сондай-ақ бұл қадам университеттің әлеуетін арттыру үшін ғана емес, өңірлік банктің де аясын кеңейтуге сеп. Яғни болашақ жүгін бірге көтеру»,-деді.

Іс-шараның мақсаты:
– қаржы және экономика саласындағы жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру бойынша әлеуетті жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнату;
– экономикалық білім беру бағдарламалары бағытында дуальді оқытуды дамыту;
– түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында университеттің жұмыс берушілермен өзара тиімді байланысын жолға қою.

Құттықтау сөзді жалғаған «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Семей қаласы филиалының директоры Г.Е. Байтерекова жаһандану үдерісінде бәсекеге қабілетті, білімді де білікті, кәсіби шеберлігі жоғары, ойы ұшқыр, талғамы биік бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда оқу орталығының пайдасы зор екендігін ескеріп кетті.

Осы орайда, құрметті қаржыгерлер, Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге жеміс, қаржылық қызметте тұрақтылық тілей отырып, жаңа белестерге жетулеріңізге жүрекжарды тілегімізді білдіреміз!