Бұл – халық өз ұлтының рухы, ар-ұжданы болған арыстарымыздың рухына тағзым ететін күн.
Абай елі – ХХ ғасырда Қазақстанды еркін, әділетті, білімді ел ретінде көруді армандаған тұлғалар шыққан қасиетті мекен. Бұл жерде Алаш зиялылары жазды, күресті, армандады. Олар – саяси әрі рухани элита өкілдері. Абайдың жері олардың есімдерін ұмытқан жоқ. Олар үшін білім, ұлттық намыс пен халықтың болашағы өз тағдырынан да биік тұрды. Олар ұлттың күші – білімде, намыста, ағартушылықта деп сенді. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов – сол қатігез дәуірдің үні. Олар ұлттық мемлекет құруға, халықтың санасын оятуға ұмтылды.
Олардың әрқайсысы бостандыққа апарар жол – білім, мәдениет және ішкі кемелдік екенін білді. Олар бұл жолдың қаншалықты қауіпті екенін сезіне отырып, соған саналы түрде қадам басты.
«Қазақтың оқыған азаматтары қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!» деп елдік мәселені күн тәртібіне қойып, жанайқаймен ұлт үшін қызмет етуге үгіттеген Әлихан Бөкейхановтың сөзі «Алаштың баласы ұлтына қызмет етуі керек» деген моральдық ұстанымға, олардың ішкі болмысының бұлжымас заңына айналды. Бұл сөз – болашақ үшін өмір сүру, сеніммен қызмет ету, ұлтқа адал еңбек ету, яғни ана тілді қорғау, мектептер ашу, ой еркіндігін қалыптастыру дегенді білдірді. Бұл – жауапкершілік иелерін қалыптастырды, арды қорқыныштан биік, білімді биліктен қуатты деп сенгендерді тәрбиеледі.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»... Әлихан Бөкейхановтың жеке хатындағы бұл сөзі – бүкіл ғұмырының таңдауы болды. Ол халыққа қызмет етті. Мемлекеттік дума депутаты болғанда да, жұмыссыз қалған кезде де еңбек етті. Баспалар баспаса да жазды, кетуге мүмкіндігі бола тұра елде қалды, ажалдан құтылатын жол іздемеді. Өлім қаупі төніп тұрса да алған бетінен қайтпады. Өз ұстанымының бағасын біліп, соңына дейін сол жолда табандылық танытты. Айтқан сөзін өмірімен дәлелдеді: тірісінде қазаққа қызмет етті. Ол сынбады, еркін күйінде өмірден өтті.
Қанша адам «Халық жауы» деп танылған еді? Тек ойы өзгеше болғаны үшін, ноқтаға басы сыймағаны үшін, үнсіз отыруға көнбегені үшін жат саналғандар қаншама! Сеніміне адал болғаны үшін кітаптан сызылып, сотсыз атылып, ел есінен өшірілгендер қаншама?
Солардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Абайдың шәкірті. Философ, ақын, ойшыл. Ол ашық күреске шықпаса да, оның ар-намысы мен ішкі айқын ұстанымы кез келген манифестен қауіпті еді. Шәкәрім «жаңа тәртіп» үшін жасалған қиратуды да, болашақ үшін жасалған зорлықты да қабылдамады. Ол оқшаулануды таңдады, бірақ ақиқатты айтудан бас тартпады. Оны еш сотсыз, айыпсыз өлтірді.
Шәкәрімнің есімін халыққа қайтаруға неше рет талпыныс жасалса да, сол уақыттың қанды шеңгелінің үрейі кедергі болды. Өйткені Шәкәрім ар, сенім, мәдениет, ішкі еркіндік туралы айтқан еді – бұл сол заманның ең үлкен қорқынышы болатын.
«Ар ілімін таратқан Шәкәрім – жадымызда емес, жанымызда»- деп жазды Мұхтар Шаханов.
Егер Алаш зиялылары қоғамды құрылым арқылы өзгерткісі келсе, Шәкәрім оны адам ар-ұждан арқылы тазартуға шақырды. Бұл жол да батыл таңдау еді.
Абай елі арыстарды ұмытқан жоқ.
Бүгін еліміз жаңаша бет-бейнесін қалыптастырып жатқанда, Абай облысы – философиялық, зияткерлік, руханият орталығы ретінде қала бермек. Осы топырақта халқымыздың біртуар перзенттері дүниеге келіп, ұлтының болашағы үшін ұлы істер атқарды.
Бүгінде дәл осы жерде алдыңғы толқын ағалардың орнын кейінгі буын інілер басып, жаңаша ойлайтын жаңа толқын өсіп келеді.
«Ұлттың тірегі – өткенін ұмытпаған келешек». Сондықтан 31 мамыр – азалы күн ғана емес, бұл күн – ұлттың кемелдігін аңғартатын күн.