Құрметті әскери қызметшілер, Отан қорғаушылар!
Ардақты ардагерлер, құрметті оқытушылар!
Қымбатты студенттер!
7 мамыр –қайсарлық пен туған ел алдындағы адалдықтың күні. Бұл – ел шекарасын, халық тыныштығын қорғайтын, қаруымен де, кәсібімен де Тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп жүрген жандардың күні.
ShakarimUniversity ұжымы атынан баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн өз өмірін құрбан етіп, бізге тарих алдындағы жауапкершілікті, бейбіт өмір мен білім алу мүмкіндігін сыйлаған жандардың алдында борышымыз барын еске салады. Ертең, 7 мамыр күні, ел астанасының басты алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Парад өтеді. Бұл әскери шеру – миллиондаған адамның еркіндік жолында жанын пида еткенін мәңгі есте сақтаудың, ұрпаққа аманаттаудың көрінісі. Бұның мәнісі –бейбітшілік пен Тәуелсіздік бір жолғы берілетін сый емес, оларды қорғау, нығайту, бағалау – әр буынның міндеті екенін жастарға ұғындыру.
Парадтан әрбір студент, әрбір жас қазақстандық тек қана армия қуатын емес, ұлт рухының биіктігін көруі тиіс. Майдан даласынан оралмаған боздақтарды еске алып, олардың ерен ерлігін ұлықтайық.
ShakarimUniversity әр жылдарда Отан қорғау жолында әскери міндеттерін өтеген өз түлектері мен ұстаздарының есімдерін мақтанышпен атайды. Бұл жол жаңа буынға үлгі болуға тиіс.
Отанды қорғау дегеніміз не? Ол – әскери міндет қана емес, ғылымға, білімге, өңір дамуына қосқан үлес. Бұл – туған жерге, тілге, мәдениетке деген адалдық, жауапкершілік алуға дайын болу.
Сіздерге зор денсаулық, биік мақсат, елге деген сенім және аспанымыз ашық болсын деймін.
Отан қорғаушылар күні құтты болсын!
Ізгі ниетпен, Думан Орынбеков