Бүгін Шәкәрім университетінде Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» Республикалық жастар форумы басталды. Форумға еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары мен білім алушылары қатысуда.
Форум мақсаты: Абайдың «Толық адам» ілімін жастар арасында насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және заманауи көзқарастармен байланыстыру. Жастарды Абайды оқуға, оның ілімін өзінің ішкі жан дүниесінде қорытып, өмірде ұстанымға айналдыра білуге үндеу.
Іс-шара Шәкәрім университетінің Бас ғимаратында «Ізденіс, тағылым, талап, нәтиже» алаңынан бастау алды.
Бүкіл еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатқан ауқымды іс-шараны Шәкәрім университетінің ректоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков құттықтау сөзбен ашып, бүгінгі форум жұмысының маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауындаАбайдың «Толық адам» ілімін жастардың зияткерлік тәрбиесінің өзегіне айналдыру керектігін баса айтқан болатын. Бұл үрдіс мәдени бастама ретінде емес, жауапты, кемел, ойлы азаматты қалыптастырудың стратегиялық моделіне айналуы тиіс. Өйткені бұл – қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы.
Бүгінгі форум хакім Абайдың «Толық адам» ілімін ұлттық және заманауи тұрғыда тереңірек түсініп, әр қырынан талдап, маңызын зерделеуге арналып отыр. Бұл басқосу жастардың рухани болмысына серпін беретін, ортақ ізденіс пен тың идеялардың, тұжырымдамалардың алаңы болмақ»- деді ол.
Форумның Пленарлық отырысына Назарбаев Университетінің профессоры, Педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық мәдениет орталығының басшысы Гүлтас Құрманбай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Қанат Оспанов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы, әуезовтанушы Әзімхан Исабек сынды ғалымдар мен ұстаздар қатысты.
Гүлтас Құрманбай Абайдың тағылымы мол қарасөздері мен өлеңдеріндегі пәлсапалық ой-тұжырымдарды қазіргі күнмен сабақтастыра сөйлеп, дала данышпанының мұрасы бүгінде тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани қайнары, сарқылмас қазынасы болып отырғанын жеткізді. Ол Абай ілімін зерделеуді жаңа белеске көтеру үшін жаңа технологияға бейімдеуіміз керек дейді.
«Қазіргі компьютерлік, жасанды интеллект заманында Абайды бұрынғыша таптаурын болған әдіспен құр айта беру жастарды тартпай, керісінше алыстатуы мүмкін. Сондықтан Абайды қазіргі қоғамға сай, күнделікті өмірде пайдаланатындай технологияны лайықтау керек деп ойлаймын.
Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі үлкен ұран сияқты. Яғни, біздің қазақ баласының ұлттық деңгейден әлемдік деңгейге көтерілуінің негізі осы бір-ақ ауыз сөзінде жатыр. Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан қазақ тілінен тест алған ғалым Гүлтас Сайынқызы өз сөзінде: «Еліміздің Президенті – Абайды терең түсінген адам. Сол тест кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ақын айтқан бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан қашық болып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз»,-деген болатын»- дейді.
«ХХІ ғасыр білім беру жүйесіндегі mainstream – «Толық адам» ілімі» тақырыбын кеңінен тарқатқан Шәкәрім университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.к. Ақмарал Смағұлова Абай ХІХ ғасырда ұсынған «Толық адам» ілімінің бүгінде барлық білім беру мекемелерінде қолға алынып жатқанын, осылайша өскелең ұрпаққа ұлы ойшылдың тағылымын үлгі етіп, тереңіне үңілтіп, өміріне азық етерлік білім беру – адами қасиеттерді жоғары бағалайтын, өз-өзін жетілдіруге ұмтылатын «Толық адам» тұлғасын қалыптастыруға негіз болатын маңызды бағыттардың бірі деп қортындылады.
Екі күнге жоспарланған республикалық форумда ғалымдар пікірі «Толық адам», шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының: білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деген оймен түйінделді.
Іс-шара барысында еліміздің жоғары оқу орындарының белсенді студенттері ҚР Ғылым жәнежоғары білім министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жастар – ел болашағы: көшбасшылық әлеуетті арттыруға бағытталған тренинг
Республикалық жастар форумы аясында ерекше маңызды әрі мазмұнды іс-шара – «Болашақ көшбасшы – бүгінгі жастар» семинар-тренингі өтті. Бұл іс-шараны «Абай облысы ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Семинар-тренингке еліміздің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық жоғары оқу орнының әлеуметтік жәнетәрбие жұмыстары жөніндегі проректорлары, Жастар саясаты департаменттерінің басшылары мен белсенді студенттер қатысты.
Жастарды белсенді азаматтық ұстанымға, көшбасшылық дағдыларға баулу, қоғамдық процестергеараласуға ынталандыру жәнеолардыңтұлғалық дамуына жағдай жасауды мақсат еткен семинарда жастарды өз пікірін ашық айтуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға ынталандыру көзделді.
Семинар барысында қатысушылар көшбасшылық қасиеттер, уақытты тиімді басқару, командамен жұмыс жасау, жетістікке жету жолдары және мотивация тақырыптары бойынша теориялық білім мен тәжірибелік жаттығулардан өтті.
Шараға спикер ретінде “Абай жастары” жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Өрлеубек Ерсінбек қатысты.
Бұл іс-шара жастар арасында азаматтық жауапкершілікті нығайтып, ел болашағынаү лесқосатынжаңабуынды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Жастар музейді тамашалады
Форумға қатысушы қонақтар Семей қаласыныңкөріктіжерлері мен тарихи-мәдени орындарын аралап, өңіріміздің рухани және мәдениөмірімен жақынырақ танысты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар 1972 жылы Абай алаңында орнатылған Абай ескерткішіне, одан соң Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішіне келіп, Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірген, төл тарихымызда ерекше орын алатын тұлғалардың рухтарына тағзым етіп, естелік суретке түсті.
Келесі кезекте «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорығын аралап, музей экспозициясымен танысты, Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, хакімқолының табы қалған қөне заттардың түпнұсқасын көру жастарға ерекше әсер етті. Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның философиялық көзқарастары мен ұлттық мәдениетіміздегі орны жастарды ұлттық рухпен тәрбиелеуде, олардың өз тарихын, мәдениетін және тілін құрметтеуде үлкен рөл атқаратыны анық.
Айта кету керек, биылғы жылы құрылғанына 85 жылтолған музей құрамына Семей қаласыжәне Абай, Мақаншы аудандарындағы он музейдің басы біріктірілген, республикалық маңызы бар үлкен құрылым.
Бұдан соң Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейін аралаған қонақтар ХVI ғасырдан бері қарайғы Еуропа, орыс, қазақ қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалады.
Кешке қарай «Қарагөз» студент-жастар театрының әртістері қонақтарға өз қойылымдарын ұсынды.
Орда - бөлек, ой - ортақ
«Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» республикалық форумы еліміздің жоғары оқу орындарынан жиналған жастардың белсенділігін арттырып, олардың пікір алмасуына үлкен мүмкіндік берді. Форум аясында ұйымдастырылған «Жастар – болашақ драйвері» TED talks-інде қатысушылар өз ойларын ортаға салып, жаңа идеяларымен бөлісті.
Шәкәрім университетінің Студенттік парламент спикері Нұрасыл Елубаев оқу орнындағы студенттік ұйымдармен таныстырып, жастар саясатының өзекті мәселелері жайлы ой қозғады. Нұрасыл: «Жастар саясаты – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Жастарды дамыту, олардың әлеуетін ашу және қоғам игілігі жолында жұмыс істеуге бағыттау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте біздің студенттік ұйымдардың айтарлықтай жұмыс атқарып жатқаны жайлы мақтанышпен айта аламыз»-деді өз сөзінде.
Форум барысында жастар өз ойларын ортаға салып, көшбасшы болу жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастар саясатының маңыздылығын, жастардың қоғамдағы рөлін және олардың әлеуетін арттыру жолдарын талқылады. Мұндай пікір алмасулар жастардың өздерін дамытуына, жаңа идеялар мен көзқарастарды қалыптастыруына көмектеседі.
Пікірталас «ShakarimQuiz» интеллектуалды ойынымен жалғасты. Бұл ойын жастардың білімін тексеріп, практикалық тапсырмалар мен топтық жұмыстар арқылы тиімділігін арттыруға бағытталды. Тренинг элементтері кеңінен қолданылып, қатысушылар теориялық білімдерін практикада бекітуге мүмкіндік алды. Мұндай формат жастардың командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге және өздерін көшбасшы ретінде сезінуге жол ашты.
Форумның маңыздылығы жастар мен жастар саясаты саласының мамандары арасындағы байланысты нығайту болса, еліміздің әр өңірінен келген жастардың тәжірибелері мен идеялары жаңа серіктестіктер мен ынтымақтастыққа жол ашты.
Еліміздің болашағы – жастардың қолында, ал осындай іс-шаралар олардың әлеуетін ашып, қоғам игілігі жолында жұмыс істеуге жетелейді.





