Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 ақпан 2025фестиваль

АБАЙҒА АРНАЛҒАН АЙШЫҚТЫ ІС-ШАРА

Shakarim University Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған іс-шаралар легін өңірде бірінші болып ашты.

Абайдың әдеби мұрасы арқылы жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту, оның адамгершілік, ғылым, өнер және мәдениет саласындағы идеяларын насихаттау, Абай шығармашылығын ХХІ ғасыр жастары көзімен талдау, күнделікті өмірде кәделеріне жаратуға жол сілтеу мақсатында бастау алған «Abaistream» фестивалі бірқатар тақырыптарды қамтыды.

 

 

Дала кемеңгерінің "Толық адам" ілімі мен оның бүгінгі күнмен үндесетін идеяларына негізделген «Abaistream» фестивалінің аясында поэзия, өнер, әлеуметтік және рухани құндылықтарды зерттеу және талқылауға арналған әр түрлі іс-шаралар атқарылды. 

 

 

Ұлы ақынның мерейтойына арналған фестивальді  салтанатты түрде ашқан университет ректоры Думан Орынбеков өз сөзінде:  «Адамзат қоғамының ілгері дамуында ғылым мен техника жетістіктері алдында адамгершілік ұстанымдарының тұруы дәлелдеуді қажет етпейтін  қағида. Хакім Абайдың қазыналы ойының асыл жауһарлары ұрпағымыздың ізгі ниетті, ұжданы жоғары азаматтар болып қалыптасуы үшін алтын тұғырлы тәрбие құралы болуы шарт»- деп Абай мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

 

 

Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысқан   «ХХІ ғасыр білім беру жүйесіндегі mainstream – «Толық адам» ілімі» тақырыбындағы сайнс-кафеде филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков,  әдебиет сыншысы, журналист Бағашар Тұрсынбайұлы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымы Әзімхан Исабек, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің  оқытушысы Аида Қайырбекова, "Алаш арыстары Мұхтар Әуезов" музейінің меңгерушісі Қуат Қиықбай  қазіргі абайтану мәселелері жайлы айтып, «Абай мерейтойы қарсаңында мынадай жұмыстар жүзеге асырылса» деген ойларын да ортаға салды.

 

 

Фестиваль барысында «Абайдың «Толық адам» ілімі: әлеуметтік интеллект» тақырыбы  ой-талқы алаңында талданса, «Абайдың кісілік кодексі» тренингі мен «Абай және Art» шеберлік сабағы берері мол іс-шара болды. «Абай және рухани капиталда»  қара сөздер заманауи талдау түрінде өткізіліп, Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ ойынынан да сайыс ұйымдастырылды.   

 

 

Абай әндерін орындаушылар «Абай және ән өнері» республикалық байқауында бақ сынап, көпшілікке өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, мерейтойға арналған фестивальді іскерлік ойындар, еріктілер басқосуы, поэзия пленэрі сынды іс-шаралар толықтырды.