Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 маусым 2025зертхана

Әділжан Жиенбеков, Shakarim University Геодезия және құрылыс кафедрасының 2 курс студенті: «Зертханалар – инженерлік білімнің жаңа кезеңі»

Жақында Геодезия және құрылыс кафедрасында екі заманауи зертхана — геотехникалық және құрылыс материалдары зертханасы ашылды. Бұл оқытушылар мен әкімшілік үшін ғана емес, ең алдымен студенттер үшін аса маңызды оқиға болды. Құрылыс материалдары зертханасының тұсаукесерінде тәжірибе жасап көрсету маған сеніп тапсырылды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе,  сонымен қатар, бұл – бізді,  студенттерді  үнемі алға жетелейтіндіктің, маңызды іс-шаралардан тыс қалтырмайтындықтың  белгісі.

 

 

Бұл оқиға менің және менің курстастарымның дамуындағы жаңа белес деуге әбден болады. Теория тәжірибемен ұштасқанда, абстрактілі формулалар мен сызбалар қолыңда шынайы іске айналғанда оқып қана қоймай,  мамандыққа бүкіл болмысыңмен енгеніңді сезінесің.

Біз енді пәнді жай ғана оқумен шектелмей, нақты инженерлік ортада жұмыс істейміз. Демек, бізді ұстаздарымыз болашақтағы еңбек нарығы мен қоғам қоятын нақты міндеттерге дайындайды.

 

 

Бұрын аймақтық университеттердің студенттерінде, соның ішінде бізде де  толыққанды тәжірибе алу мүмкіндігі аз болатын. Алматы мен Астана секілді қалалардың жоғары оқу орындарымен салыстырғанда бұл бір кемшілік еді. Бірақ қазір жағдай өзгеріп келеді. Біздің университет бұл олқылықтардың орнын толтыруға барынша тырысып, қолда бар мүмкіндіктерді жасап жатыр.   Жаңа зертханалардың арқасында біз үлкен мегаполистердің оқу орындарында   ғана болатын заманауи жабдықтарға қол жеткізіп отырмыз. Бұл менің осында, өз жерімде білім алатыныма және бұл білімнің бәсекеге қабілетті екендігіне сенімімді арттыра түседі.

 

 

Зертханалардың ашылуы – болашақ талапкерлер үшін де тамаша мүмкіндік. Университет дамып келеді. Ол студенттерге сенім арта біледі, жаңаша көзқарас қалыптастырады, инфрақұрылымды жетілдіріп отырады. Бұл – өзіңнің оқу үдерісіне толық тартылғаныңды сезінетін ерекше атмосфера. Сен білімнің нақты құралға айналып жатқанын көресің де, оқуға деген ынтаң одан сайын арта түседі. Ең бастысы – нәтиже көру.

 

 

Тағы да ерекше атап өткім келетіні – бізде шынайы жанашыр әрі жас оқытушылар жұмыс істейді. Бұл осы ұстаздарыңдай білімді маман болуға деген құлшынысыңды  арттырады.

 

 

Зертханалардың ашылуы біздің сұранысымыздың артқанын білдіреді.  Біз нақты инженерлік жұмыстардың «қазанында қайнаймыз»: материалдарды талдаймыз, модельдейміз, жасаймыз. Шын мәнінде, біз оқу барысында-ақ өзіміздің портфолиомызды қалыптастырамыз. Бұл – жұмыс берушілерге апарар тура жол.

 

 

Осындай қадамдар, инвестициялар, орта – менің бүгінгі оқуымның нақты болмысы!

Менен: «Зертханалардың ашылуы саған  не береді?»- деп сұраса, «Иә, бұл – үлкен мүмкіндік! Бірақ одан да маңыздысы — бұл менің инженерлік білімімнің жаңа кезеңі!»- деп жауап беремін.