Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 сәуір 2022халықаралық конференция

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУ: ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

Бүгін Шәкәрім университетінде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Елемес Төлеуұлы Төлеуовтың туғанына 80-жыл толуына арналған «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін әлемдік азық-түлік хабына түрлендіру: алғы шарттары және болашағы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Іс-шара ШҚО және Павлодар облысы тауар өндірушілерінің азық-түлік өнімдерін сату көрмесінен басталды.
Конференцияның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген университет басшысы Б.Ердембеков ұстаздың оқу орнының әлеуетін көтеруге, техника саласында айрықша еңбек сіңіргендігін айтты.
«Е.Төлеуұлы өз ғұмырын білім мен ғылымға арнады. Ғалымның жетекшілігімен 4 докторлық, 26 кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл ұстаздың бүгінгі ғылыми мектебінің бастауы деп білеміз. Одақтағы жетекші оқу орындарының бірі Мәскеу қаласының ет, сүт өнеркәсібі технологиялық институтында Қазақстаннан бірінші болып 1969 жылы 27 жасында кандидаттық диссертация қорғады»,-деді Басқарма төрағасы Б.Аманкелдіұлы.
Конференция жұмысына ЖОО ғалымдары, шетелдік ғалымдар, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері, агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері, тамақ және қайта өңдеу саласының мамандары қатысты.
Конференцияда шәкірттері, техника ғылымдарының докторлары, профессорлар А.Какимов пен Қ.Әмірханов өз сөздерінде ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірттері екендігін айтып, ғалымның өнегелі жолы жайында сөз етті.
Пленарлық мәжілісте ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Чоманов У.Ч., ҚР АШМ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Басқарма төрайымы, PhD Исаева Г.С., Алтай федералдық агробиотехнология ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Майоров А.А., Шәкәрім университетінің профессоры, т.ғ.д. Әмірханов Қ.Ж. баяндама жасады.
Аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Азық-түлік өнімдерінің өндірісі мен технологияларын дамытудың заманауи үрдістері, Тамақ өнімдерін өндірудің технологиялық үрдістері мен құрал-жабдықтарын жетілдіру, Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, Қазақстан экономикасын дамытудың инновациялық бағыттары, АӨК салалары үшін бәсекеге қабілеттікадрлар даярлау мәселелері бағыттарында 200-ге жуық баяндамалар оқылды.
Шара соңында қатысушылар техника мен заманауи білім берудегі инновацияны дамытуға өз көзқарастарын білдіруге, әріптестердің еңбектерімен бөлісуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бере алатын алаң құра алғандығы жайлы айтты.