Бүгін Shakarim University қабырғасында қазақ тіл білімінің дамуына бағыт сілтейтін маңызды оқиға өтті. Shakarim University мен қазақ лингвистикасы саласындағы жетекші ғылыми орталық – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл одақ – филологиялық зерттеулер мен тіл саясатын интеллектуалдық, ғылыми және білім беру жағынан жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді, жүйелі қадам.
Келісім аясында тараптар төмендегі бағыттарды іске асырады:
қазақ тілі фонетикасы, орфоэпиясы, лексикографиясы және тілдің цифрлануы бағытындағы бірлескен ғылыми жобалар;
XXI ғасыр талаптарына сай жаңа оқу курстары мен модульдерін әзірлеу;
филология саласы бойынша жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау;
ұлттық тілтану зерттеулерін халықаралық деңгейге шығару.
Меморандумға институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қазіргі қазақ лингвистикасының танымал тұлғасы Анар Фазылжан мен Shakarim University ректоры Думан Орынбеков қол қойды.
«Бүгінгі келісім ғылым, мәдениет және ұлттық құндылықтарды біріктіретін нақты қадам болып отыр. Бұл – ғылым ұлттық стратегияның бір бөлігіне, сөз болашақтың айнымас бөлігіне айналғанда, жергілікті бастамалардың жаһандық мағынаға ие бола алатынының жарқын мысалы1,- деп атап өтті Shakarim University ректоры Думан Орынбеков.
Анар Фазылжан есімі тіл, ғылым және мемлекеттік тіл саясаты саласында еңбек етіп жүрген әрбір маманға таныс. Ол Forbes Kazakhstan журналының нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 25 әйелі тізіміне енген. Бұл – тіл мәдениетін дамытуға, орфоэпияны қалыптастыруға, латын әліпбиіне көшуге және Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасауға қосқан ерен еңбегінің айғағы.
Институт директоры университеттің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу барысында цифрлық дәуірдегі қазақ тілін дамытудың басты міндеттері жөнінде өз көзқарасымен бөлісті. Кездесу барысында айтылған басты идея – тіл – жай ғана таңбалар жүйесі емес, ол – ойлау тәсілі, тарихи жадымыздың және ұлттық болмысымыздың тірегі. Сол себепті тілге қатысты зерттеулер – келешек үшін аса маңызды қажеттілік.
Кездесуде университеттердің тіл саясатын қалыптастырудағы орнына ерекше назар аударылды. Shakarim University – тілді тек зерттеу нысаны ретінде емес, жаңғырудың, ойлаудың және мәдени трансформацияның құралы ретінде қарастыратын орта екені атап өтілді.
Бұл әріптестік – университет тарихындағы маңызды кезең ғана емес, ұлттық тілтану ғылымының жаңа дәуірге бет бұруының нақты көрінісі.


