«Алакөлдің табиғи, тарихи-мәдени ландшафтық әлеуетін кешенді талдау және рекреациялық туризмді дамытудың тиімді тетіктерін әзірлеу» бағдарламасы аясындағы далалық зерттеу сапарының алғашқы кезеңі аяқталды. Жоба аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Алакөл өңірінің туристік әлеуетіне қатысты құнды деректер жинақталды.

Зерттеу барысында ғалымдар Мақаншы ауданында Алакөл алабының табиғи, тарихи, мәдени және туристік әлеуеті бойынша бірлескен ғылыми-сараптамалық мәжіліс өткізді. Экспедиция кезінде Алакөл өңірінің табиғаты мен географиялық орналасу ерекшелігіне қатысты көне жазбалар мен тарихи деректер жинақталды. Сонымен қатар, Барлық-Арасанның бальнеологиялық және пелоидты ресурстар жүйесіне қатысты ежелгі аңыз-әңгімелер де зерттеушілер назарынан тыс қалмады.



Ғалымдар Алакөл алабының шығыс бөлігіндегі рекреациялық ресурстардың қазіргі жай-күйіне бақылаулар жүргізіп, Алакөл аймағының минералды сулары мен емдік балшықтарынан сынамалар алды. Аталған далалық зерттеу жұмыстарына Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымдары да белсенді қатысты.



Бағдарлама аясындағы далалық зерттеу жұмыстары туристік маусым кезінде жалғасады деп күтілуде, бұл Алакөл өңірінің туристік әлеуетін толыққанды ашуға мүмкіндік береді.