Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 мамыр 2025форум

Ақерке Абылайханқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары: «ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ – ТЕК БІЛІМ ҒАНА ЕМЕС, ТӘРБИЕНІҢ ДЕ ҚАЙНАР КӨЗІ»

 

23–24 мамыр күндері Шәкәрім университетінің базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың Толық адам ілімі: Ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты Республикалық жастар форумы өтті.

 

 

Шәкәрім университеті форум барысында оқылған терең мазмұнды, жан-жақты, маңызы зор  баяндамалар мен ой-пікірлерді жариялауды жалғастыруда. Олардың қатарында – философиялық мазмұндағы баяндамалар, ғылыми тұсаукесерлер, білім беру, көшбасшылық және құндылықтар туралы пікірталастар бар. Солардың ішінде форумның стратегиялық күн тәртібінің негізгі өзегіне айналған баяндамалардың бірі Ақерке Абылайханқызының баяндамасы болды.

 

 

Форум еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орындарының өкілдерін – тәрбие ісі жөніндегі проректорларды, жастар істері жөніндегі бөлім басшыларын, белсенді студенттер мен жас көшбасшыларды біріктірді. Бұл тек Абай мұрасын талқылау алаңы ғана емес, сонымен қатар, ұлттық құндылықтардың қазіргі білім беру жүйесіндегі рөлі, мемлекеттік қызметке кадр даярлау, жастардың көшбасшылық қабілетін дамыту және рухани  болмысын қалыптастыру бағытындағы көпсалалы платформаға айналды.

 

 

Акерке Абылайханқызы өз сөзінде былай деді:

«Қазіргі заманғы университет – бұл тек академиялық білім беретін мекеме емес. Бұл – тұлғаның қалыптасатын ортасы. Осында уақыт талабына сай, ойлы, жауапты азаматтың іргетасы қаланады. Ұлы Абай ұсынған “Толық адам” ілімі барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының тәрбиелік жұмысында жүйе қалыптастырушы бағдар ретінде қарастырылуы қажет».

Ол Толық адам философиясы – жай теориялық тұжырым емес, ол – жастардың ішкі жан дүниесін дамытуға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және сана-сезіммен өмірлік жолын анықтауға мүмкіндік беретін нақты әрекет құралы екенін атап өтті. Акерке Абылайханқызы, сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі гуманизм, әділет, еңбек пен білім құндылықтарын білім беру кеңістігіне енгізуге бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыратынын жеткізді.

 

 

Оның айтуынша, форумның дәл Абай мен Шәкәрімнің туған өлкесінде өтуі – ерекше маңызға ие. Бұл – ұлы мұраға құрмет қана емес, сонымен қатар, оны қазіргі білім беру саясатына тәжірибе ретінде енгізу қажеттігін білдіретін үндеу.

 

 

Форум соңында ең белсенді қатысушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хаттары мен сертификаттары табысталды, бұл олардың белсенділігіне, ой-пікірінің тереңдігіне және саналы көшбасшылыққа деген дайындығына берілген жоғары баға болды.

 

Ғылымға қанағатсыз болу керек,

Бес түгiл разы болмай алтыға да.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Соңғы жаңалықтар