Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 мамыр 2025форум

Ақмарал Смағұлова, Shakarim University «Абай және ұлттық руханият» ҒЗО жетекшісі, ф.ғ.к.: «Толық адам» ілімі – XXI ғасырдағы білім берудің жаңа парадигмасы

Абайдың «Толық адам» ілімі – өткеннің даналығы ғана емес, ең алдымен қазіргі күн мен болашақтың тұжырымдамалық негізі. Бұл туралы Шәкәрім университетіндегі «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Смағұлова 23–24 мамыр күндері Шәкәрім университетінде өткен Республикалық жастар форумында мәлімдеді.

 

 

«ХХІ ғасыр білім беру жүйесіндегі mainstream – «Толық адам» ілімі»  атты баяндамасында спикер Абай тарапынан XIX ғасырда жасалған бұл тұжырымдаманың бүгінгі таңда уақыт талабына сай нақты білім беру моделі ретінде қайта жаңғырып отырғанын атап өтті.

«Қазіргі күннің сын-қатерлерін ескере отырып, бұл ілімді білім беру жүйесіне кіріктіру — үйлесімді, моральдық және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылатын тұлғаны тәрбиелеудің басты құралына айналуда»,- деді ол.

 

 

Спикер, сондай-ақ, рухани құндылықтарды білім мазмұнына енгізу – бұл тек тәрбие жұмысының бір бөлігі емес, ұлттық стратегияның өзегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Абай идеялары оқу бағдарламаларына, студенттерге психологиялық қолдау көрсету жүйесіне, көшбасшылық бастамаларға, педагогикалық әдістемелерге — яғни, тұлға қалыптасатын барлық салаларға енуі тиіс.

 

 

«Жастар тек білім алып қана қоймай, адам болудың мәнін ұғынуы қажет. Бұл ілім жай ғана курс емес, өмірлік ішкі ұстанымға айналуы тиіс. Сонда ғана біз саналы қоғам құра аламыз»,- деді Ақмарал Смағұлова.

 

 

Баяндамасы аясында Шәкәрім университетінің бастамасымен жүзеге асып жатқан негізгі жобалар да таныстырылды:

- «Абай – Шәкәрім – қазіргі заман» білім беру модулі,
- «Жас тұлға» арнайы гранты;
- «Жас Абай жолы» интерактивті цифрлық платформасы;
- «Толық адам» философиясы мен этикасы орталығы — Абай философиясын білім мен ғылым кеңістігіне жүйелі түрде енгізетін институционалдық тетіктер.

 

 

Ақмарал Смағұлованың баяндамасы форумдағы ең мазмұнды әрі терең ойлы баяндаманың бірі болды. Мұнда Абай ілімі идеологиялық дәйексөз ретінде емес, уақыттың стратегиялық талаптарына жүйелі жауап ретінде қарастырылды.

 

 

Форумға еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орындарынан келген өкілдер қатысып, маңызды қорытынды жасалды: Абайдың «Толық адам» ілімі Қазақстанның мемлекеттік білім беру саясатының өзегі екені анық.

 

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы