Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 шілде 2025түлек-2025

Әсел Мурзалимова, PhD, Химия және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а.: «Эколог мамандарға сұраныс жоғары»

Биыл Химия және экология кафедрасының оқытушысы ретінде екінші рет түлеп ұшқан түлектерімді үлкен мақтанышпен шығарып салып отырмын. Шәкіртінің кәсіби маман болып қалыптасуына, өз саласына деген қызығушылығының артуына үлес қосу – әрбір ұстаздың басты мақсаты. Бұл жолы да біз осы міндетті абыроймен атқардық деп нық сеніммен айта аламын.

 

 

Өткен жылы кафедрамыздың 15 түлегі жоғары оқу орнын тәмамдаса, олардың 87 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш қазіргі еңбек нарығындағы бәсекелестік пен талаптарды ескере отырып, елеулі жетістік деп айтуға болады. Биылғы түлектеріміз де үмітімізді ақтап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, үш студентіміз қызыл диплом иегері атанып, үздіктер қатарынан көрінді. Олар қазіргі таңда магистратураға түсіп, білімін әрі қарай тереңдетуге ниетті.

 

 

Айта кететін тағы бір қуанарлық жайт — бітіруші түлектеріміздің басым бөлігі өздері өскен аймақтарға, әсіресе Абай облысының әртүрлі аудандарына оралып, туған өлкесінің өркендеуіне өз үлестерін қоспақ. Бұл – тек бір адамның жетістігі ғана емес, тұтас қоғамға пайдалы маманның қалыптасуының көрінісі. Өйткені, қазір экология саласындағы мамандарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды басқару сынды маңызды мәселелерді шешуде сапалы білім алған эколог мамандардың рөлі ерекше.

 

 

Өз өмір жолын қоршаған ортаны қорғаумен байланыстыруды мақсат еткен талапкердің сұранысына жауап беру үшін Shakarim University-де барлық қажетті ресурстар бар: заманауи білім беру бағдарламалары, білікті оқытушылар құрамы, тәжірибеге бағытталған оқыту және экология саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері.

 

 

Сондай-ақ, Абай облысының дербес өңір болып құрылуы – жастардың жұмысқа орналасуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Былтырғы түлектердің көпшілігі Семей қаласының түрлі мемлекеттік мекемелеріне қызметке орналасты. Бұл – түлектеріміздің маман ретіндегі даярлығының сапасы мен олардың еңбек нарығына қажеттілігінің нақты дәлелі.

 

 

Кафедра атынан болашақ жас экологтарға сәттілік тілей отырып, еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.  

 

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы