Shakarim University-де «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері», филология ғылымдарының докторы, профессор, "Парасат" орденінің иегері, «Абай облысының Құрметті азаматы» Арап Сіләмұлы Еспенбетовтің 80 жасқа толуына орай «Профессор Арап Еспенбетов: әдеби өлкетану және ғылыми мектеп» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Конференция қонағы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова мерейтой иесіне министр Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау хатын табыс етті. Онда ғалымАрап Сіләмұлы Еспенбетовтіңғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосқаны атап өтілген.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков мерейтой иесін құттықтап, туған жерден табан аудармай 60 жыл ғұмырын осы оқу орнының қабырғасында өткізген ғалымның ғылымға және білім беру саласына сіңірген орасан еңбегі үшін алғысын білдірді.
«Арап Сләмұлы – тек қазақ әдебиетін зерттеген жоқ, оны өмірінің бір бөлігіне айналдырды. Ғалымның еңбектері – ұлттық сананың, мәдени кодтың, құндылықтар жүйесінің негізі.
Профессор Еспенбетовтің зерттеулері – болашаққа бағдар. Ол – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірбаянын жүйелеген алғашқылардың бірі. Абайтану, шәкәрімтану ғылымдарының дамуына зор үлес қосты. Ғылыми мектебі тұтас бір буынды тәрбиеледі. Жетекшілігімен ондаған ғылым докторлары мен кандидаттары білім, ғылымға өз жолын бастады.
Бүгін біз тек 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан жоқпыз, біз ғалым еңбегінің мәңгілік құндылығын насихаттап отырмыз»- деді ол.
Конференцияның пленарлық отырысында белгілі әдебиеттанушы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнол-Ғабден Бисенғали «Парасат биігінде» тақырыбындағы баяндамасында профессор А.Еспенбетов шығармашылығы туралы толғамды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, Польшаның Адам Мицкевич атындағы университетінің профессоры, шығыстанушы, түркітанушы ғалым Генрик Янковский; түркітанушы, арабтанушы, PhD, Нидерланды Корольдігінің Неймеген Радбауд университетінің профессоры Зифа-Алуа Әуезова; филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры Сағымбай Жұмағұловтар баяндама жасады.
Конференция барысында «Абайды оқы, таңырқан...» зерттеу еңбегінің және ғалымның библиографиялық көрсеткішінің тұсауы кесілді.
Сондай ақ, ғалым мерейтойына орай «Ұстаз мерейі» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған зиялы қауым өкілдері, әріптестері, шәкірттері қатысты. Жиында Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев облыс әкімі Берік Уәлидің құттықтау хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.





