Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 қазан 2024азаматтық авиация академиясы

АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҰЖЫМЫ – ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА

Алматы қаласындағы Азаматтық Авиация академиясы ұжымының Абай еліне жасаған «Туған елге тағзым» атты танымдық экспедициясы аясында Shakarim University-де «Абайдың  «Толық адам» ілімі және ұлттық құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

 

Еліміздегі азаматтық авиация саласына маман дайындайтын бірегей оқу орнының мамандары өңіріміздегі 90 жылдық тарихы бар іргелі білім ордасына арнайы ат басын бұрып, алдымен Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 

Дөңгелек үстелде бас қосқан Азаматтық авиация академиясының академиялық қызмет жөніндегі проректоры Қайрат Жакупов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д., профессор Арап Еспенбетов, «Абай және ұлттық руханият» ҒЗО жетекшісі, ф.ғ.к. Ақмарал Смағұлова және  аталған орталықтың ғылыми қызметкері, PhD Қарлығаш Әубәкірова сынды ғалымдар  Абайдың даналығы, ақынның «толық адам» ілімінің философиялық мәні, шығармаларындағы «толық адам» танымы, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оларды оқыту және тәрбиелеуде Абай ілімін сіңіру сияқты  мәселелер төңірегінде ой қозғап, құнды пікірлерімен бөлісті.

 

Қайрат Жакупов өз сөзінде:  «Ұлттық құндылықтарымыз: тілімізді, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, дініміз бен  руханиятымызды дәріптеп, тарихымызға үңіле білсек, «Толық адам» ілімі мен ұлттық құндылықтардың үйлесімі қоғамның рухани-мәдени тұрғыдан дамуына мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамның тұрақты және үйлесімді дамуына ықпал ететініні анық»- деген пікірін білдірді.

 

Профессор Арап Еспенбетов бүгінде әлем мойындаған кемеңгер, баршаны «бауырым» деп сүйген ұлы тұлғаның еңбектерінің биік тағылымын түсіндіріп, Абайды біз таныған көкжиекке көтеру, насихаттау жұмыстарының бастауында ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары тұрғанын атап өтті.

 

«ХХІ ғасыр білім беру жүйесіндегі mainstream – «Толық адам» ілімі» тақырыбын кеңінен тарқатқан Ақмарал Смағұлова Абай ХІХ ғасырда ұсынған «Толық адам» ілімінің бүгінде барлық білім беру мекемелерінде қолға алына бастағанын, осылайша өскелең ұрпаққа ұлы ойшылдың тағылымын үлгі етіп, тереңіне үңілтіп, өміріне азық етерлік білім беру – адами қасиеттерді жоғары бағалайтын, өз-өзін жетілдіруге ұмтылатын «Толық адам» тұлғасын қалыптастыруға негіз болатын маңызды бағыттардың бірі деп түйіндеді.   

 

Ал Қарлығаш Әубәкірова Абай шығармаларындағы метафизикалық категорияларды талдап, қазақ танымының ғана емес, әлемдік ой-таным  көрсеткішіне айналған Абайдың шығармашылығын зерттеудің әлі де жалғаса беретінін айтты.

 

Іс-шара соңында «Семейдің Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ мен «Азаматтық Авиация академиясы» АҚ арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды.