Бүгін Абайдың «Жидебай –Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында Өнер және музыка кафедрасының аға оқытушысы Нысанғалиева Бибігүлдің «Ғажайып түйіндер» атты жеке шығармашылық көрмесі өткізілді. Көрмеге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Сән және қолданбалы өнер – сән өнерінің бір саласы, тұрмыс қажеттілігінен бөлек, көркем де әсем дүниелерді өмірге әкелетін шығармашылық өнер түрі.
Сәндік қолданбалы өнер шебері Бибігүл Төлегенқызы байлап тоқу өнерінде «макро» және «микро» макраме әдістерін кеңінен қолдану арқылы таңғажайып бірқатар өнер туындыларын өмірге әкелген он саусақ шеберлердің бірі.
Бұл көрмеде автор шығармашылығында мағыналы пейзаж, гүлдер, бохо паннолар көрсетілді. Әсіресе көркем панноларды құрастыру кезінде шебер макраме өнерін ілмек бізбен тоқу әдісімен біріктіре отырып орындаған болатын. Өйткені табиғат пейзажын көрсетуде түрлі түстердің болуы заңды, және кейбір табиғаттың сұлбаларын келтіруде макраме үстінен іліп тоқу әдісі өте ұтымды шешім екенін көрмеге келушілер байқады,- дейді ұйымдастырушылар.
Көрме түрлі идеялардың алуан түрлілігімен ерекшеленді.
"Шебердің осы аралас техникада орындалған «Тау пейзажы», «Қыс мезгілі», «Екі тоғай», сонымен қатар «Калейдоскоп» атты паннолары өзіндік түстік үйлесімдікте үй интерьеріне жылу сыйлайтындай жарасымды орындалғанын көрдік",- дейді аға оқытушы Марал Татиева.
Ұстаздықпен шеберлікті қатар алып, шығармашылық өнер жолымен жолын бағындырып келе жатқан Бибігүл Төлегенқызына алдағы уақыттарда тек қана шығармашылық табыстар тілейміз.