Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 сәуір 2025жәрмеңке

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ БЕРЕРІ КӨП

Жас мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында Шәкәрім университетінде 17-18 сәуір күндері «Бос орындар жәрмеңкесі-2025» өткізілді. 

Бос орындар жәрмеңкесін өткізу университет түлектеріне еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру, қолайлы мамандықты таңдауда практикалық көмек көрсетуді көздейді. Бұл жұмыс берушілер үшін жәрмеңкеге қатысушылар ішінен қажетті кадрларды іріктеуге және бос жұмыс орындары туралы көпшілікті хабардар етуге жағдай жасайды.

 

 

Жәрмеңкенің ашылуымен құттықтаған университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев өткізіліп отырған ауқымды іс-шараның  білім беру ұйымдары мен еңбек нарығының арасындағы байланысты нығайтудың, түлектердің кәсіби бағдарын нақтылап, жұмысқа орналасуына жағдай жасаудың маңызды алаңы екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол университеттегі білім бағдарламаларының тиімділігіне тоқталып, дуалды элементтердің белсенді түрде енгізілуі еңбек процесіне бейімделген маман даярлап шығаруға мүмкіндік беретінін, түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына  септігін тигізетіндігін айтты.

 

 

Жәрмеңке жұмысына әкімдіктер, білім бөлімдері мен мекемелері, жұмыспен қамту орталықтары, кәсіпорындар, шаруа қожалықтары – жалпы саны екі жүзден астам жұмыс беруші қатысты. Олардың ішінде Астана және Павлодар қаласының білім басқармалары, «Семей инжиниринг» АҚ, «KAZ Minerals LTD», Шүлбі ГЭС-і, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» филиалы, ҚР Ұлттық ядролық орталығы т.б. өкілдері өздерінің компаниялары мен ұйымдары туралы ақпарат ұсынып, жұмысқа шақыру ұсыныстарын жасап, жастарға жеке кеңес те берді.

 

 

Екі күндік жәрмеңке барысында 255 білім алушы өздерінің мамандықтарына сай орындар тауып, жұмыс берушілермен келісім-шартқа отырды. Бұл  іс-шара білім алушылар мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнауына жағдай жасап, студенттердің диплом алып шыққаннан кейін еңбекке араласып кетуіне  тамаша мүмкіндік беріп отыр.