1 наурызда мектептер мен колледж оқушыларына арналған облыстық “Шәкәрім оқулары” ғылыми конференциясы өткізілді. Бұл – жастардың зерттеу қызметін қолдау мен дамытуға бағытталған дәстүрлі іс-шара. Конференция қатысушыларға өздерінің ғылыми жетістіктерін көрсетуге, білім алмасуға және өз жұмыстарына сараптамалық баға алуға мүмкіндік берді.
Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған облыстық конференция инженерлік, физика-математика, жаратылыстану, педагогика, экономика, гуманитарлық және филология ғылымдарын қамтыды. Әр секцияны тәжірибелі оқытушылардан, ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарынан құралған білікті қазылар алқасы жүргізді. Жұмыстар тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңалығы, зерттеудің тереңдігі және практикалық маңыздылығы бойынша бағаланды.
Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығының үйлестірушісі Елена Евлампиева конференцияның жұмыс регламентімен, іс-шараның негізгі бағыттары мен мақсаттарымен таныстырды.
Shakarim University-дің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы конференция қатысушыларын құттықтады. Ол жастардың ғылыми ізденістерінің маңыздылығын атап өтіп, ұсынылған жұмыстардың деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ, Маркетинг және коммуникация орталығының маманы Қуаныш Ахметов университет тарихы, білім беру бағдарламаларымен таныстырып, болашақ студенттер үшін қарастырылған мүмкіндіктерден хабардар етті.
Биылғы конференцияға өңірдің мектептері мен колледждерінен 200-ге жуық оқушы қатысты. Экологиялық қауіпсіздік, инновациялық технологиялар және жасанды интеллект тақырыбындағы зерттеулер ерекше қызығушылық тудырды.
Конференция қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, естелік сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Үздік жұмыстар ғылыми жинақта жариялауға ұсынылды.






