Shakarim University командасы Новосібірде өткен Геодезия бойынша Халықаралық олимпиадада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап шықты.
2025 жылдың 19–23 мамыры аралығында Ресей Федерациясының Новосібір қаласындағы Сібір мемлекеттік геожүйелер және технологиялар университетінде Геодезия бойынша X Халықаралық студенттік олимпиада өтті. Бұл ауқымды іс-шараға Ресей мен ТМД елдерінің жетекші 11 университетінің командалары қатысты. Қазақстан атынан сынға түскен Shakarim University командасы 6В07301 «Геодезия және картография» білім беру бағдарламасының үздік студенттерінен құралды. Олар – «Геострой» ғылыми үйірмесінің белсенді мүшелері.
Команда құрамында Нұрәли Төлегенов, Мирас Мәукен, Нұрдәулет Әбен, Альмира Олжабаева, Мұхаметәли Жұмағажинов сынды білімді де алғыр студенттер бар.
Жетекшілері мен жаттықтырушылары – «Құрылыс және геодезия» кафедрасының аға оқытушылары Зарина Бексұлтанова мен Гүлнұр Сейтқазина. Олар команданың жоғары деңгейде дайындалуына және олимпиаданың барлық кезеңінде табысты өнер көрсетуіне жетекшілік етті.
Тартысты өткен сайыста Shakarim University командасы жүлделі 2-орынды иеленді.
Аламан бәйгеде оза шапқан команда төмендегідей марапаттарға ие болды:
«Теодолиттік жүріс» байқауында II дәрежелі диплом;
Спорттық конкурс түрінен II дәрежелі диплом.
Команданың барлық мүшесі Геодезия бойынша X Халықаралық студенттік олимпиадаға белсенді қатысқаны үшін арнайы сертификаттармен марапатталды. Ал жетекшілері халықаралық студенттік ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттарға ие болды.
Бұл жеңіс нені білдіреді?
Бір жағынан – бұл студенттердің жеке жетістігінің көрсеткіші, екінші жағынан – «Құрылыс және геодезия» кафедрасының жүйелі жұмысының нәтижесі. Қазіргі таңда кафедрада ғылым мен білім беруде жаңашылдықпен жұмыс істейтін, белсенді де жігерлі жас оқытушылар еңбек етеді. Кафедраны PhD Ильяс Жұмаділов басқарады. Ол – жаңа буынның көшбасшысы ретінде танылған жас ғалым.
Айта кетсек, 28 мамыр күні кафедра жанынан екі заманауи зертхана – геотехникалық және құрылыс материалдары зертханасы ашылды. Олар студенттердің оқу процесінде, дипломдық жобалар мен ғылыми зерттеулерде белсенді қолданылып жатыр.
Аталған олимпиададағы жетістік Shakarim University-дің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайтын білім ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұнда студенттер тек білім алып қана қоймай, жеңіске жетуді де үйренеді.


