Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі12 мамыр 2025картоп

ҒАЛЫМДАР КАРТОП ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫН ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТКІЗЕДІ

Шәкәрім университетінің  Агробиозертханасының  эксперименттік алаңдарында Қытай Халық республикасының Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен әріптестік аясында биыл шетелдік технологияға негізделген картоп сұрыптарын егу қолға алынып жатыр.

 

 

Картоп егуге арналған қытайлық шағын машинаның көмегімен тәжірибелік егіс жұмыстары едәуір жеңілдетілді. Аталған техника тұқымды біркелкі егіп, бір мезгілде тыңайтқыш енгізуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс дәстүрлі қол еңбегін азайтып қана қоймай, еңбек өнімділігін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

 

 

Шәкәрім университетінің ғалымдары бұл жобаны Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің мамандарымен бірлесіп жүзеге асыруда. Жобаның басты мақсаты — картоптың жаңа, өнімділігі жоғары және ауруға төзімді сұрыптарын өңірде бейімдеп, аграрлық саладағы инновациялық технологияларды енгізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

 

 

Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген Шәкәрім университеті Инновацияларды дамыту орталығының жетекшісі,  ауыл шаруашылығы кафедрасының  Science профессоры,  PhD Әділет Сүгірбай былай дейді:

«Агробиозертханаға бес түрлі элиталы картоп сұрпын егіп жатырмыз. Тұқым егу барысында Калифорния шылаушынынан алынған «Биогумус» органикалық тыңайтқышы топыраққа бірден енгізіледі. Бұл тыңайтқыш топырақтың құнарлылығын арттырып, өсімдіктің дамуына оң әсер етеді. Қытайдың стандарттарын қолданып жатқан себебіміз, Қазақстан мен Қытай бір белдеуде орналасқандықтан, біздің жерімізде қандай нәтиже беретініне көз жеткізу. Бұл тәжірибе біздің агрономия саласында қолданатын технологиялардың даму бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстанның стандарттарына сәйкес, картоп егуге арналған машина жасауды да қолға алып жатқан жайымыз бар.  Мақсатымыз – Қытайдың стандарттары мен өзіміз жасаған егу машинасының жұмыс нәтижесін салыстыру, оның тиімділігін бағалау және ең жақсы нәтижеге жету үшін осы екі жүйені біріктіру».

 

 

Әділет Сүгірбай атап өткендей, бұл жобаның маңызды бағыты — жергілікті жағдайларға ең қолайлы, инновациялық әдістерді енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Сонымен қатар, картоп өсіру технологиялары мен техникаларының тиімділігін арттыру үшін ғылыми зерттеулер мен тәжірибелерді кеңейту жоспарлануда.

 

 

Айта кетсек, былтырғы жылы  университет ғалымдары ҚХР-дың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ғалымдарымен бірлесіп, шетелдік селекцияның бидай және рапс сорттарын Абай өңірінің табиғат жағдайларына бейімдеу мен төзімділігін зерттеуге бағытталған  ғылыми жобаны іске асыруға кіріскен болатын.