Тамақ инженериясы зерттеу мектебінің «Парасат биігі» ашық отырысында белді ғалым, екі дүркін Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрметті қызметкері, «Биотехнология» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жайнагүл Хасенқызы Какимова қонақта болды. Жиналған қауымға ғалымның өмір жолы, ғылым жолындағы жетістіктері таныстырылды.
Университет ректоры Думан Орынбеков кемел жасқа толып, айтулы асудың асқарына абыроймен көтерілген ғалымды құттықтап, оның ғылым мен білім саласына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ректор Жайнагүл Хасенқызының көпжылдық еңбегінің нәтижесінде ғылым мен білімге жаңа серпін бергенін, оның жетекшілігімен жүргізілген ғылыми зерттеулер мен жобалар үлкен жетістіктерге жетіп, көптеген шәкірттеріне ғылым жолында айқын бағыт-бағдар көрсеткенін ерекше бағалады. Ол алдағы уақытта да ғалымның білім беру ісінде жасаған еңбектерінің маңыздылығы артатынына сенім білдірді.
Келесі кезекте ұстазы мен шәкірті даналық пен ізбасарлықтың дара жолын көрсетіп, 20 жыл бойы кафедра меңгерушісі қызметін атқарған Жайнагүл Хасенқызы ізбасар шәкірті Мәдина Мұратқызына кафедраның білім беру бағытын көрсететін ескерткіш сыйлықты салтанатты түрде табыс етті. Шәкірті де зор сенім артып отырған ұжым мен аға буын өкілдеріне ыстық ықыласын жеткізді. «Ұстаз бақыты – шыңдаған шәкірті» деген осы болар, сірә.
Өз кезегінде Жайнагүл Хасенқызы еңбек жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, ұзақ жылдар бойы тізе қосып бірге еңбек еткен әріптестеріне осындай тамаша кеш ұйымдастырғандары үшін алғысын білдірді.
Тағылымды кештің қонақтары да өз құттықтауларын жолдап, студенттер өнерлерін ортаға салды.




