Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 сәуір 2023делегация, неделя науки, ғылым апталығы, ученые, мероприятия

ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ: 50-ГЕ ЖУЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЛАНДЫ

Әбу Насыр әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ғылымсыз, озық білім мен инновациялық технологияларсыз мемлекеттің экономикасы мен азаматтардың әлеуметтік жағдайын түзеу мүмкін еместігін жақсы түсініп, өздерінде ғылым саласының дамуына басымдықтар беруде.
Бүгін Шәкәрім университетінде дәстүрлі Ғылым апталығының ашылу салтанаты өтті. Апталық ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Шараға университет басшылығы, Рочестер университетінің делегациясы, білім ордасының әлеуметтік серіктестері, атап айтқанда «Семей медициналық университеті» КеАҚ, ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің Семей филиалы, Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы, Plasma Science ғылыми-өндірістік фирмасы, «Эко-Сад» ЖШС, Абай облысының омарташылар қоғамы, қала мектептері мен колледждер қатысты.
Алғы сөз сөйлеген университет басшысы Бауыржан Ердембеков ғылыми қызметкерлерді атаулы мерекемен құттықтап, апталықтың ашылуы американдық Рочестер университеті делегациясының келуімен тұспа-тұс екендігін ерекше атап өтті.
- ЖОО бүгінде ғылым кеңістігінде өзіндік орнын нақтылады. Білім және ғылым саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыруда. Жыл сайын ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға бағытталған бірқатар міндеттер жоспарланып, іске асырылады. Ауқымды ғылыми іс-шараларды ұйымдастырып, шетелдік ғалымдардың, белгілі бизнесмендер мен қоғам қайраткерлерінің дәрістері өткізіледі. Сонымен қатар, жылдан-жылға жас кадрлар көбейіп келеді,- деді ректор.
Хельсинки университетінің доценті, PhD докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Владимир Асеев университетіміздің профессор-оқытушылар құрамын айтулы мерекемен құттықтап, бейнесәлемін жолдады. Ғылым апталығы шеңберінде қатысушыларға «Ғылыми жетістіктер» көрмесіне белсене қатысып, «Мектеп-Колледж-Университет» үштігінің арасында ынтымақтастықты нығайтып, ғылымды интеграциялау жолында қосқан үлестері үшін марапаттау қағаздары берілді.
Іс-шара барысында қатысушылар ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады. Көрмеде серіктес ғылыми зерттеу институттары, қала мектептері мен колледждері, университетіміздің жобалары мен стартаптары, сондай-ақ университеттің ғылыми орталықтарының ғылыми жетістіктері мен 28 студенттік ғылыми үйірмелердің жұмыстары көрермен қауымға ұсынылды.
Студент жастардың ғылымдағы талпыныстарына қолдау көрсету, оларды ғылыми ізденістерге қызықтыру мақсатында бір апта ішінде әртүрлі 40-қа жуық шара өткізілетін болады. Бір күннің өзінде 4 бірдей атаулы кабинеттер мен мұражай ашылды.