11 сәуір күні Астанада, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Алғашқы спикерлердің бірі ретінде Шәкәрім университетінің Құрылыс және геодезия кафедрасының меңгерушісі, PhD Ілияс Жұмаділов сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде ғылымды кейінге қалдыруға болмайтынын, себебі нағыз ғылыми даму дәл қазір жүріп жатқанын атап өтті:
«Мен осы мінбеден сөйлеп тұрған сәтте, менің университетім жаңа зертханалар ашып жатыр, инженерлік орталықтарды іске қосып жатыр, халықаралық келісімдерге қол қойып жатыр. Біз болашаққа сеніммен қарау үшін сол болашақтың баспалдағын бүгіннен бастап, Абай атамыз айтқандай, «Ғылымды ақиқат мақсатпен, білмек үшін» үйренудеміз. Яғни ғылыммен өмір сүріп жатырмыз».
Шәкәрім университеті форумда өңірлік ғылыми серпілістің нақты моделін көрсетті. Соңғы екі жылда университеттегі 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар саны төрт есеге артты, ғылыми жобалар көлемі 100 есеге ұлғайды.
Университетте бүгінде жұмыс істеп тұрған ғылыми орталықтар:
Қ. Әмірханов атындағы тағам өнімдерінің физика-химиялық талдауы зертханасы,
Ет өнімдері зертханасы,
Құрт өндіру бойынша оқу-өндірістік цехы,
Агробиозертхана мен агротехнопарк,
Инжиниринг орталығы,
Радиоэкологиялық зерттеулер орталығы.
Сәуір айының соңына дейін Құрылыс және геодезия кафедрасы жанынан Геотехникалық зертхана және Құрылыс материалдары зертханасы ашылады.
Бүгінде университет 60-тан астам халықаралық ЖОО-мен келісімшартқа ие. Қытай, Корея, Польша, Түркия және Өзбекстан университеттерімен қос дипломды бағдарламалар белсенді жүзеге асырылуда.
Университеттің 276 оқытушысы Scopus және Web of Science деректер базасында Хирш индексіне ие. Ал проректор Ерасыл Дулатбай – CNAS сертификатына ие Қазақстандағы жалғыз техникалық сарапшы. Талшықты-оптикалық датчиктерді қолдана отырып, ғимараттардың іргетасын бақылау жобасы — бұл енді зертханалық деңгей емес, өнеркәсіптік ауқым!
«Біз оқытып қана қоймаймыз. Біз маңызды идеялар жүзеге асатын орта қалыптастырамыз. Мұнда жастар қолдауды ғана емес, ел болашағына деген жауапкершілікті де сезінеді»- деді Ілияс Жұмаділов.
Жас ғалымның Shakarim University атынан сөйлеген сөзі форумдағы мазмұны терең, шабыт беретін баяндамалардың бірі болды. Бұл — өңірлік ғылымның көлеңкеде қалмай, көш бастап тұрғанының жарқын дәлелі.
«Ертеңгі күні біздің зерттеулеріміздің нәтижесі Қазақстанның келешегіне қызмет етуі үшін біз әлемдік үдерістерден тек хабардар болып қана қоймай, сол үдерістердің бел ортасында болуымыз керек»,- деп түйіндеді Ілияс Жұмаділов өз сөзін.
Бүгінде Shakarim University — ғылым шоғырланған орталық. Мұнда әрбір жас зерттеуші өз елінің алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінеді.
Резолюция мен жаңа міндеттер
Форум соңында қабылданған I Республикалық «Жас Ғалым» форумының Резолюциясы Қазақстанның жас зерттеушілерінің жауапкершілігі мен болашаққа деген сенімін көрсетті. Жас ғалымдар «Жас ғалым» бағдарламасының шеңберінде жаңа ғылыми қауымдастық құру, «Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдама квотасын енгізу, ғылыми нәтижелерді нақты шешімдерге айналдыру секілді бірқатар ұсыныстар жасады
Ілияс Жұмаділов форумға интеллектуалды реңк бергендердің бірі болды. Ол тек университет атынан сөйлеп қана қоймай, жаңа ұрпақты қалыптастыратын жүйелі, жанды, ауқымды ғылыми процесті ұсынды, нақты көрсеткіштерімен жаңа ғылымның бағыттарын айқындап берді: зертхана — өндіріс, идея — шешім, жас — көшбасшы.
Форум аяқталды. Бұдан кейін ше?
Shakarim University бұл серпінді тоқтатпайды. Университет жаңа зертханалар ашып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты тереңдетіп, ғылымды коммерцияландыру және кадрлар даярлау бойынша жаңа стратегияны іске асыруды жалғастырады.
Ең бастысы — ғылым тек астанаға ғана тән емес. Өңірлерде де ұлттық ғылымның болашағы қалыптасып жатыр. Shakarim University — соның айқын дәлелі.
Өңірлік ғылым — енді қосалқы дүние емес, ұлттық ғылымның драйверіне айналуда.



