Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 қыркүйек 2024шәкәрім университеті

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ ОЙЫНДАР ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ӨҢІРЛІК КЕЗЕҢІ

Shakarim University базасында «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының ұйымдастыруымен Семей қаласының мектеп оқушылары арасында «Интеллект формуласы» деген атаумен интеллектуалдық ойындар чемпионатының өңірлік туры өтті. 

Биыл өңірлік ойындарға 8-11 сынып оқушыларынан құралған 7 команда қатысты.

Білім сайысы басталар алдында қатысушыларды Шәкәрім университеті физика-химия ғылымдары зерттеу мектебінің деканы Асқар Қасымов құттықтап, сәттілік тіледі.  Асқар Бағдатұлының сөзін «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы жанындағы Атомдық технологиялар ақпараттық орталығының директоры Сейіт Әлиев жалғастырды.

«Біздің міндетіміз – сендер сияқты өсіп келе жатқан жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттыру. Ойынның сұрақтары жан-жақты: физика, әдебиет, география, тарих және ғылыми жаңалықтар тақырыптарын қамтиды. Сонымен қатар, біз оқушылардың назарын Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы техникалық мамандықтарға аударғымыз келеді. Бұл ретте ядролық энергетика саласына ұзақ жылдар бойы мамандар даярлап келе жатқан Шәкәрім университетінің орны ерекше»- деді ол.

Іс-шараға, сонымен қатар, Шәкәрім университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы, Техникалық физика және жылуэнергетика кафедрасының меңгерушісі Ольга Степанова және Техникалық физика және жылуэнергетика кафедрасының  оқытушылары қатысты.

Екі кезеңде өткен білім сайысында командалар 24 сұраққа жауап берді және әр сұраққа ойлануға бір минут қана уақыт берілді. Балалардың әр салада білімдерін кеңейту,  тапқырлыққа, ізденімпаздыққа жетелеу, ой-өрісін, білім деңгейін, абстарктілі ойлау қабілетін байқауға бағытталған сайыстың сұрақтары, әрине, оңай болған жоқ.

Тартысты өткен өңірлік турдың қорытындысы бойынша  Чернышевский атындағы №1 орта мектептің «Пальмира» командасы (жетекшісі Вячеслав Якушев)  жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды.  

Келесі орындарды сәйкесінше:

НЗМ-нің «Ubermench» (жетекшісі Бектас Тұрғали); Лицей Білім Инновация – «Latife» (жетекшісі Жасқайрат Наубетов); Shakarim high school –  «Интеллект кванты» (жетекшісі Роман Колюжный); №10 орта мектептің «Білім жұлдыздары» (жетекшісі Кәмшат Азубаева);  №4 орта мектебі – «Алаш»(жетекшісі Гүлнұр Қанапьянова); №43 орта мектебінің «Түрксіб» (жетекшісі Тана Құнанбаева) командалары еншіледі.