Шәкәрім университеті халықаралық серіктестік аясында білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында жүйелі түрде тағылымдамалар ұйымдастырып келеді. Соның аясында, 2025 жылдың 12 сәуірі мен 14 мамыры аралығында университетіміздің докторантура және магистратура бағдарламасының бір топ білім алушылары Түркиянің Ығдыр университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдамаға қатысушылар:
Асыл Баядилова – «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» білім беру бағдарламасы бойынша;
Ақнұр Мелисова – «Тағам қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы бойынша;
Айдын Оқасов – «Тағам өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша;
Ажар Дайырбекова – «Тағам өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша;
Маржан Нұрбекова – «Ветеринариялық санитария» білім беру бағдарламасы бойынша.
Ғылыми тағлымдаманың мақсаты – ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіру, шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ынтымақтастық орнату, сондай-ақ, тағылымдама барысында тағам өнеркәсібіне қатысты заманауи технологиялармен, зертханалық құрал-жабдықтармен және халықаралық тәжірибемен танысу.
Тағылымдама аясында зерттеушілер «Сутегін тамақ өнімдерін өндіруде қолдану» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл тақырып тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін арттыру, сақтау мерзімін ұлғайту және экологиялық тұрақты шешімдерді іздеу тұрғысынан аса өзекті.
Ығдыр университетінің ректоры тағылымдамашылармен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және жоғары оқу орындары арасында ресми келісімдер жасасуға дайын екенін білдірді.
Ығдыр университетінің ректорына білім алушыларымызға көрсеткен қолдауы, жылы қабылдауы және әріптестік тұрғысындағы ынтымақтастықты дамытуға деген ниеті үшін Шәкәрім университеті атынан шын жүректен алғысымызды білдіреміз.
Халықаралық тағылымдамалар жас ғалымдардың жұмысын жандандырып, ғылыми байланысты нығайтады және озық тәжірибе алмасуға жол ашады.
Ғылым – адамзат үшін өте қажетті ортақ құндылық.

