Құрметті студенттер, оқытушылар, әріптестер!
Ертең, 14 наурызда, Көрісу күні басталады. Бұл күнді Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады.
Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген.
КӨРІСУ КҮНІ – тек бір-бірімен сәлемдесіп, амандық сұрасу ғана емес, ата-бабадан қалған рухани байланыстарды нығайтатын ерекше дәстүр, халықтың бір-бірімен бауырмалдығын арттыратын, жақындық пен татулықты нығайтатын мейрам.
Shakarim University – бұл алға қадам басу. Наурыз мейрамының бастауында, яғни алғашқы күн – Амал мерекесінде алғашқы қадамын нық басқан білім ошағының болашағы баянды, келешегі кемел болады деп ырымдайық.
Бұл күн жаңа білімдермен, жаңалықтармен, батыл идеялармен және үзіліссіз жобалармен жүздесудің символы болсын.
Көрісу күні – ұлы түркі мерекесі Наурыздың хабаршысы. Біз оны өткенімізбен – дәстүрлерге, ұлы тұлғаларға толы бай мұрамызбен қарсы аламыз. Қазіргі күнімізбен – білім, табандылық және әрекет етуді талап ететін динамикалық болмысымызбен қарсы аламыз. Және келешекке деген сеніммен қарсы аламыз, онда Shakarim University ғылым, білім және технологиялар саласында көшбасшы орындарға ие болады.
Осы күні әрқайсыңыз маңызды бір нәрсеге: жаңа шабыт, жаңа дос, жаңа мақсатқа ұмтылсаңыздар құба-құп.
Көрісу күні құтты болсын! Жүректеріңіз жылулыққа, білімге және ұлы жетістіктерге толы болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков