Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 наурыз 2025алғыс айту

Лиза Готман: «ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА АТА-АНАМНЫҢ АТЫНАН АЛҒЫС АЙТАМЫН»

1 наурыз – еліміз үшін  жалпыхалықтық мереке — Алғыс айту күні. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен орайластырылған, ару көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады, бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылық білдіреді.

Өмірі естіп-білмеген жат елге жер аударылған аш-жалаңаш жандарды өз отбасыларына қабылдап, бастарына баспана, алдарына ас берген бауырмал қазақтың дархан пейілі осынау киелі мекеннің талай этностың баянды тұрағы, құтты қонысына айналуына себепші болды. Олардың көпшілігі осында тұрақтап, ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнді.

Атаулы мереке қарсаңында Шәкәрім университетінің  Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының маманы Лиза Арнольдовна Готманмен тілдескен едік.

 

 

- Ата-анам 1941 жылы ұлты неміс болғандығы үшін Қазақстанға жер аударылыпты. Бала күндерінде келген олар қазақтардың бауырмал құшағында қазақы тәрбие көріп есейіп, ержеткен екен.Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ғұламалар туған топырақта дүниеге келгендіктен де менің қазақша сөйлемеуім мүмкін емес,- деп бастады әңгімесін Абыралыөңірінде туып, С. Бегалин атындағы орта мектепті бітірген Лиза Готман.

 

 

 Аналары Лидия Шрайнер 1941 жылы Грузия ССР-інен 9 жасында келген, ал әкесі Арнольд Эрнстович Прибалтика жақтан – Люксембургтен. Қазақстанда Балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдер кейін тағдырдың жазуымен Абай жерінен бір-ақ шығады. Қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін үйренген олар шаңырақ көтеріп,  жергілікті халықпен біте қайнасып кетіпті. Арнольд Готман өз туған тілімен бірге, орыс, әзірбайжан, қазақ, грузин тілдерін білген көрінеді.

 

Лизаның анасы Лидия Шрайнер мен інісі Карлды сол тұста екі  бөлек Балалар үйіне жібергендіктен, бауырлар бір-бірінен көз жазып қалған. Тек арада көп жылдар өткен соң, дәлірек айтқанда 1998 жылы Карлдың жарымен және ұрпақтарымен табысудың сәті түсіпті. Бұл кезде інісі о дүниелік болған екен.

 

 

Карл Давыдович Шрайнер Көкпектінің Үлкен Бөкен ауылындағы Балалар үйінде тәрбиеленіпті. Соғыстан кейінгі 1947-48 жылдары балалар үйіндегі жетімектерді әр отбасыға таратып бергенде бала Карлды Шұбартау өңіріндегі Құрым Ербосыновтың отбасы өз тәрбиесіне алады.  Ауылдық кеңестің төрағасы: «Ұлың Кәрібай жалғыз ғой, мына баланы өз атыңа жазғызып алсаңшы» деп ақыл бергенде өзі де бір атадан жалғыз өскен Құрым Ербосынов: «Жоқ, мен олай ете алмаймын. Ол да біреудің жалғыз баласы болар. Соңынан іздейтін туыстары болса, таба алмай қалар. Ол өзінің әкесінің шаңырағының отын сөндірмей, өз алдына үй болсын» деп жауап берген екен.

 

 

Ал, бүгінгі кейіпкеріміз Лиза Арнольдовна 1992  жылы Қайнар ауылындағы Сапарғали Бегалин атындағы орта мектепті «Алтын» медальмен бітіріп,  Семей мемлекеттік ет-сүт өнеркәсібі институтының экономика факультетіне  түседі. Сол жылы ғана ашылған қазақ бөліміне түскен,ылғи қаракөздердің ортасындағы үкідей сары қызды көрген  оқытушылар  сан рет  оған «қазақ тобы отырған аудиторияға  байқаусызда еніп кеткенін» ескерткен көрінеді. Ауылдан келген өзге жастар сияқты Лизаға  қатты қиындық тудырған жайт қазақ тіліндегі оқулықтардың жоқтығы болған-ды. Кітапханадағы орысша кітаптардан көшіріп әкеліп, түнімен қазақ тіліне аударатынсары қыз еңбекқорлығымен, зеректігімен, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көзге түскен еді.

 

 

 Оқуын тәмамдағасын Лиза Арнольдовнаның еңбек жолы сол өзі білім алған шаңырақтан басталады. Оқу орнының басшылары оның қазақ топтарына экономика пәнінен сабақ бергенін құп көріп, ұстаздық жолға бағыттайды. Содан бері қарай да Семей қаласындағы жоғары оқу орындарында оқытушылықпен қатар деканның орынбасары, Жастар саясаты және тәрбие бөлімінің бастығы сияқты бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Білім беру ісіне сіңірген еңбегі еленбей қалған жоқ. Алғыс хат, Құрмет грамоталары өз алдына, 2011 жылы «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» естелік медалімен,  2013 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтына сіңірген еңбегі үшін «Зор еңбегі үшін» медалімен,  2022 жылы Қайнар орта мектебінің 100 жылдығына орай естелік төсбелгімен және 2024 жылы Шәкәрім университетінің 90 жылдығына орай "Шәкәрім" медалімен марапатталған-тын.

 

- Маған көп адамдар  «Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?» деген сауал беріп жатады. Мен бұған: «Ана сүтімен сіңген қасиет әрқашан бізбен бірге емес пе?»-деп жауап берем. Осы жерде туып, қазақ ауылында өскен соң, Қайнар ауылындағы мектептегі  білім алған соң қазақ тілі – менің ана тілім. Қазақ тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігімді оятып, қазақ тілі мұғалімі боласың деп барынша баулыған Қабдырахман Габдуллиндей (марқұм) ұстазыма қашанда алғысым шексіз.

 

 

Лиза Арнольдовна Семейдегі неміс орталығымен де қарым-қатынас жасап тұрады. Қазақ азаматпен тұрмыс құрған ол – сүйікті жар, ардақты ана. Отбасында тек қазақша сөйлеп, қазақтың дәстүрін ұстанатын олар Айт мерекесі кезінде бауырсақ, шелпек пісіріп, айтшылайтындарын айтады.

 

 

- Өз басым «Алғыс айту күні» дегенді елімізде тұратын этнос өкілдерінің қиын-қыстау заманда Қазақстанды паналап, осынау қасиетті жерде тамыр жайып өсіп-өнгені үшін, бейбіт аспан астында өмір сүргені үшін де қазақ халқына алғыс білдіруі керек деп түсінемін. Мен ең бірінші, бала кездерінен тағдырдың тәлкегіне ұшырап, түрлі қиындықтарды бастан кешкенімен, осы киелі топырақта еңселерін тіктеген өзімнің ата-анамның атынан, өз атымнан  дархандығы даладай қазақ халқына алғыс айтқым келеді,- дейді аузын ашса жүрегі көрінетін жарқын жүзді жан.