Жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру белсенді шығармашылық іс-әрекетке тартудың маңызды формасы болып табылады. Жоғары кәсіби мамандарды даярлауда оның рөлі өте зор.
Осы ретте, Шәкәрім университетінің жас ғалымдарының білім ордасының дамуындағы рөлі, олардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын, ғылыми ізденістерін қолдау мақсатында SCIENTIFIC PLATFORM ғылыми алаңының ашылу рәсімі өткізілді.
Рәсімнің ашылуында сөз сөйлеген Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова аталған алаңның маңыздылығын айтып, жас ғалымдардың келешекте еліміздің игілігі үшін қызмет ететіне кәміл сенетіндігін атап өтті.
SCIENTIFIC PLATFORM Ғылым апталығы аясында Педагогика және психология кафедрасының ұйытқысымен магистранттардың ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында ашылды. Мұнда магистранттардың шығармашылық және ғылыми ізденістері үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған.
«Үздік магистрант» байқауының жеңімпазы, «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранты Динара Тусупова көрсетілген мүмкіндік үшін алғысын білдіріп, бүгінгі таңда Бесқарағай ауданында балабақша құрылтайшысы атанғандығын тілге тиек етіп, қара шаңырақтың профессор-оқытушылар құрамына алғысын білдірді.
Аталған ғылыми алаңда магистранттардың ғылыми жетістіктері, педагогика, психология саласындағы мобильдік кітапхана қосымшалары, Web of science, Scopus мәліметтер базасы, сондай-ақ психология методикасы мен профессор-оқытушылар құрамының мақалалар каталогы жинақталған.