Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «ЖасStar» коворкинг орталығында көрнекті ғалым, профессор, биология ғылымдарының докторы, академик Михаил Семёнович Паниннің 85 жылдығына орай «Жаратылыстану бағыты бойынша мектеп оқушыларының ғылыми жобаларын жазу ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Мектеп оқушылары ғылыми жобасының тақырыбын таңдау, жобаны жазу кезіндегі талаптар, ғылыми жұмыстарды зерттеу әдістері түсіндірілген семинарға өңіріміздің мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары шақырылды.
Биология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университеті Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығының үйлестірушісі Елена Евлампиева М. С.Паниннің еңбек жолы, ғылыми қызметі, қалыптастырған ғылыми мектебі жайлы мағлұмат беріп, қарапайым ауыл мектебі түлегінің таланты мен еңбекқорлығының арқасында академик дәрежесіне көтерілгенін атап өтті.
Университет оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Айгүл Сапақова оқушылардың ғылыми жобаларын ұйымдастырудың әдістемелік мәселелерін қарастырса, университеттің Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі Алексей Кливенко Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының базасында оқушылардың ғылыми жобаларын дайындаудың артықшылықтарына тоқталды.
Семинарда М. С.Паниннің шәкірті, қазір Ресейдің Челябинск қаласында тұратын биология ғылымдарының докторы, доцент, Оңтүстік Орал мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық университеті Кәсіби педагогикалық институтының директоры Альфира Сибиркина «Мектептің биология курсындағы экологиялық білім элементтері» жайлы бөлісіп, биология пәні арқылы экологиялық мәселелерді түсінудің жолдары мен әдістерін талқылады.
Семинар барысында қатысушылар мектеп оқушыларының ғылыми жобаларына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Олардың ішінде ғылыми жоба жазу кезінде жас зерттеушілердің жиі кездесетін қиындықтары мен оларға қолдау көрсету қажеттілігі жайында пікірлер айтылды. Жастардың зерттеу жұмыстарында жаңа технологиялар мен ғылыми әдістерді қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Бұл семинар Михаил Паниннің ғылыми және педагогикалық мұрасын насихаттауға арналған маңызды іс-шара болды. Оның ғылым және білім саласына қосқан еңбегі көптеген жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп келеді.



