INNOVATE SHAKARIM UNIVERSITY
Нақты өсу. Негізгі қиындықтар. Нағыз адам болу.
Бұл жолы біз INNOVATE SHAKARIM UNIVERSITY форумының технологиялар көрмесі емес, ойлау тәсілінің көрінісі болғаны туралы айтпақпыз. Мұнда университет тек дәріс өтетін орын емес, бүгінгі күні идеялар мен шешімдер туындайтын зертханаға айналғаны анық байқалады. Иә, бұл үлкен бір мегаполистегі емес, Абай облысындағы оқу орнында.
Техника ғылымдарының кандидаты, технологиялық жабдықтар кафедрасының аға оқытушысы Надир Қадырұлы Ибрагимов форумға жай ғана 3D-принтер емес, гаражда қолжетімді материалдардан өз қолымен құрастырған, жұмыс істеп тұрған құрылғыны әкеліпті.
«Негізі — қарапайым ДВП. Бұған шыққан шығын — 26 мың теңге шамасында. Ал өнеркәсіптік баламасының бағасы 140 мыңнан басталады. Ең бастысы — ол жұмыс істеп тұр. Біз мұнымен көркем бұйымдар да, техникалық детальдар да басып шығарамыз. Мысалы, смартфонға арналған тұғырдан бастап, ерекше дүниелерді де жасауға болады».
Надир Қадырұлының айтуынша, бұл процестің логикасы қарапайым әрі әдемі:
«Мысалы, пластикалық бөтелкені алып, таспалап кесемін. Таспа жұмыр пластик орамға айналады. Одан бұйым жасалады. Қандай шығын шығып жатыр? Тек уақыт. Ал студенттер келіп, жұмыс істейді, тәжірибе жасайды. Бұл ойыншық емес — жұмыс құралы. Біз токарь немесе фрезер іздемейміз. Біз бағдарламаға параметр береміз — ал құрылғы нәтижені шығарады».
Надир Қадырұлы — студенттік ғылыми үйірменің жетекшісі. Ол технологияның өздігінен ештеңе өзгертпейтінін жақсы біледі. Өзгертетін — адам. Innovate Shakarim University форумы жастарды қызықтырып қана қоймай, оларға өздері жасауға деген шабыт сыйлаған іс-шара болды.
«Менің өзім де бір кездері қайда оқуға барарымды білмей жүрген едім. Таныстардың кеңесі мені осы кафедраға бастап әкелді. Кейін аспирантурада оқып, ғылыми жұмысымды қорғадым. 20 жылдан астам уақыттан бері сабақ беріп келемін. Біздің кафедра — бакалавриаттан бастап PhD-ға дейінгі барлық сатыдан өтуге болатын бірегей орта. Мұнда нағыз зерттеушілер қалыптасады».
Оның айтуынша, қазір барлық үдерістер өзгеріп жатыр: білім беру, ынталандыру, ойлау тәсілі. Дегенмен, өзгермейтін не нәрсе?
«Өз ісіңді беріле істеу. Кәсіпке деген адалдық. Инженер еңбегіне деген құрмет. Бұл — сәнге бағынбайтын құндылықтар. Ал дәл осы қасиеттер университетті алға бастырады».
Міне, форумның мәні — жай ғана шабыттандыру емес, іске қосу. Технология туралы айту емес — оны қолдан жасау. Болашақ туралы сөйлеу емес — оны, тіпті, ДВП-дан, қарапайым бөтелкеден болса да өз қолыңмен құрастыру.
INNOVATE SHAKARIM UNIVERSITY — техникалық ойлаудың теориядан қозғалысқа айналатын орны. Ал оны іске қосатындар өзгерісті күтпейді. Олар қазірдің өзінде батырманы басып үлгерді.
