Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі03 мамыр 2024ғалымдар, журнал, ғылыми кеңес

Қайта жаңғырған «Шәкәрім» журналы оқырман қауымға ұсынылды

Бүгін Шәкәрім университетінде қазақ мәдениетінде алар орны ерекше мәдени шара өтті. Жиырма жылға жуық дәстүрі бар «Шәкәрім» журналы пандемияға байланысты өз жұмысын тоқтатқан болатын. Енді міне сол ғылыми-танымдық журнал қайта түлеп ұшқан қырандай жасампаз келбетпен қайта жарық көрді.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков таныстырылымға арнайы жиналған алдыңғы толқын ағалар мен әріптестеріне, шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне аталған журналдың білім ордасының 90 жылдық мерейтойы аясында қайта жарық көруінің символдық маңызы зор екендігін баса айтты.
-Иә, бүгін біздің университетте қуанышты күн. Жалпы, Шәкәрім тұлғасы мен мұрасын жан-жақты насихаттау біздің тікелей парызымыз. Сондықтан бұл мәселеге біз концептуалды қараймыз. Университет жанынан «Шәкәрім музейін» ашу жұмысын бастап кеттік. Дәстүрлі «Шәкәрім оқулары» өтеді, «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинақты жалғастыруды қолға алдық. Бүгін қайта жарық көріп жатқан «Шәкәрім» журналы туралы келелі кеңес құруға жиналып отырмыз,- деді ректор.
Алдымен сөз алған зиялы қауым өкілдері Арап Еспенбетов пен Зейнолла Тоқаев бірауыздан журналының жарық көруінің мәні зор екенін атап, енді оның мазмұндық мәнін ұштап, дамыту керектігіне тоқталды. ЖОО-да әр ғылым саласында Министрлік талабымен шығарылатын ғылыми журналдардың болуы ерекше маңызға ие. Ғалымдар осындай әмбебап «Шәкәрім» журналының болуы университеттің мерейін өсіретіндігіне әрі Шәкәрім тұлғасы мен шығармаларын насихаттаудың тікелей жолы екендігін тілге тиек етті.
Елге белгілі ғалымдар Амантай Исин, Мұхтарбек Кәрімов, Құмарбек Әмірханов және Бауыржан Ердембеков әр ғылым салалары бойынша журналдың тынысын кеңейтіп, танымалдылығын арттыру жолында жұмыс істеу туралы кең таратып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Білім ордасының түлектері, әдебиет және түркология салаларының мамандары Мерей Қарт, Қарлығаш Әубәкірова, Әсем Қасымова журналдың шығармашылық жағына назар аударып, халықаралық статусын арттыру жайында өз ойларымен бөлісті.
Сөз соңында журналдың шығарушы редакторы Тұрдықұл Шаңбай жылы лебіз білдірген әріптестеріне алғысын білдіріп, алдағы жоспарларын ортаға салды.
Қайта түлеп ұшқан «Шәкәрім» журналына сәттілік тілейміз!
P.S Ғылыми-танымдық журналдың электронды нұсқасын shakarim.edu.kz сайтынан оқитын боласыздар. Журнал “Казпошта” АҚ арқылы таратылатын болады.

Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі да ақымақтық.

Абай Құнанбайұлы