Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі28 мамыр 2025лаборатория

Құмарбек Әмірханов, Шәкәрім университеті Тамақ инженериясы кафедрасының профессоры: Ғылым деген – адам. Ал зертхана – оның жұмыс алаңы. Білім зертханасыз тұйықталған күйге түседі

Бүгін Shakarim University-дің жаңалықтар таспасына маңызды жазба жарияланды:

Геодезия және құрылыс кафедрасында екі заманауи зертхана – геотехникалық зертхана және құрылыс материалдары зертханасы өз жұмысын бастады.

Бұл оқиға университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтудың кезекті кезеңі ғана емес, сонымен қатар, академиялық ортада жүріп жатқан терең өзгерістердің – ғылыми мектептердің өсуі, қолданбалы бағыттардың нығаюы және жаңа буын оқытушылар қатарының артқанының көрінісі.

 

Ұрпақ сабақтастығының маңызы, адами капиталдың рөлі, өңірдегі инженерлік білім беру тарихы мен ғылымдағы жаңа үрдістер жайында осы оқу ордасында талай танымал ғалымдарды тәрбиелеп шығарған ардагер ұстаз, Шәкәрім университеті Тамақ инженериясы кафедрасының профессоры Құмарбек Әмірханов өз  ойымен бөлісті.

 

– Мен университетте 1982 жылдан бері қызмет етіп келемін. Жас оқытушыдан бастап проректор дәрежесіне дейінгі жолдан өттім. Бүкіл ғұмырым ғылыммен байланысты. Ал Шәкәрім университеті – мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, ұрпақтар қалыптасқан, ғылыми мектептер пайда болған өмірлік мағынасы бар мекен. Бүгінде профессор, ғалым, зерттеуші атанып жүрген талай азамат осы қабырғадан шыққан. Олар алғашқы қадамдарын осында жасады. Осы жерде білім алды, кейін ұстаз ретінде қайта оралды.

 

Бүгін де, университеттің басты ресурсы адами капитал екеніне бұрынғыдай нық сенімдемін. Жастар. Ғылыми мектепті жалғастыратын ізбасарлар. Ұрпақтар сабақтастығы – жай ғана ұран емес, бұл – университеттің нақты күші. Мұны оқу орнының тарихын жақсы білетін әріптестерім де айтып береді.

 

Алайда, тек ізбасарлық жол жеткіліксіз болады. Бұл ретте маңызды тірек – материалдық-техникалық база.

Соңғы жылдары зертханалар ашу формальдылықтан шығып, ғылыми-зерттеулерге арналған толыққанды инфрақұрылымға айналып отыр. Әсіресе, қолданбалы бағыттар бойынша. Бұл – заңды құбылыс, бүгінгі күннің тренді.

 

Менің есімде, геодезия мен картография бойынша жаңа мамандықтардың ашылғаны біз үшін тосын жаңалық болған.

Өйткені университет дәстүрлі түрде тамақ инженериясы, аграрлық ғылым және гуманитарлық білім беру бағыттарында дамып келген еді. Бірақ біздің қаламыз – индустриялық өңір. Мұнда цемент, силикат зауыттары және басқа да өнеркәсіптік нысандар инженер кадрларға деген нақты сұранысты қалыптастырды. Осылайша, топографиялық колледж құрылды, ол бір кезеңде біздің ғылыми-әдістемелік кеңесіміздің құрамына да енген. Бұл – даму логикасының бір бөлігі.

 

Бүгін мен университеттің даму қарқынына куә болып отырмын.

Жас оқытушылар саны бірнеше есе артты. Бұл – мен үнемі айтып жүретін мәселе. Мысал ретінде айтайын, кафедра меңгерушісі Ілияс Жұмаділов көз алдымызда қалыптасты. Немесе Назира Құдаринова – өзіміздің түлегіміз. Бір кезеңде маман тапшылығы қатты сезілгенде кафедра тізгінін өз қолына алып, лайықты деңгейде алып шықты. Ал бүгінде біз кафедраның өскенін, жаңарғанын, жаңа буын кадрлармен толыққанын көріп отырмыз.

Бұл – жекелеген өзгеріс емес, құрылымдық бұрылыс. Геотехникалық зертхана мен құрылыс материалдары зертханасы кафедра өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл кафедра университеттің ең мықты құрылымдарының бірі – Жасанды интеллект және құрылыс жоғары мектебінің құрамында. Бұл бүгінде ертеңгі күннің бағытын айқындап отыр.

Мен Шәкәрім университетінің студенттерге зерттеу, жарияланым, ойлау мүмкіндігін беретін кеңістік ретінде қалыптасып келе жатқанына қуаныштымын. Дәл осындай орта бізді рейтингілік журналдардағы мақалаларға, ғылыми байқауларға, қолданбалы жобаларға апарады.

 

Бүгін таңертең бәріміз куә болған сәтті қорытындылай келе айтарым: бұл зертханалардың іске қосылуы – әр адамға өсуге мүмкіндік беретін ғылыми орта қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Ал бұл – өз алдына нақты нәтиже.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы