Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі28 наурыз 2025қыз сыны

ҚЫЗДАРҒА ӘСЕМДІК ЖАРАСАДЫ

“Қазақстан студенттерінің Альянсы” ұйымының ұйымдастыруымен  «Шәкәрім аруы-2025» арулар байқауы өткізілді. Байқауда университеттің Жоғары және Зерттеу мектептерінің алты аруы бақ сынады. 

 

 

Сұлулық байқауының шымылдығын ашқан Shakarim University  Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева  қарагөз қыздарымызға үлкен сенім артатынын жеткізді. «Қыз бала – елдің болашағы, ұлттың ұйытқысы.Сондықтан аруларымыз бүгінгі байқауда тек сұлулығы мен талантын көрсетіп қана қоймай, өз халқының тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын бойларына сіңірген, саналы, ұлтжанды азаматшалар екенін дәлелдейді деп сенемін»- деді ол.

 

 

 Сұлулық пен сымбат, ақыл мен парасат, өнер мен өнеге  сынға түскен  байқауға “Іңкәр Сезім” модельдік агенттігінің басшысы Томирис Сұлтанова, “Кербез”  көйлек орталығының негізін қалаушы Айым Мұсаханова, Абай театрының актері  Асхат Мәукен, Абай облысы бойынша «Қазақстан студенттерінің Альянсы» ұйымының  төрағасы Тәттімбет Оразов және 2024 жылы «Семей аруы» атанған Эльназ Хамитовалар  қазылық етті.

 

 

Бойжеткендерді халқымыздың инабаттылық, ізеттілік сынды ізгі қасиеттері негізінде тәрбиелеу, жан-жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсіне білуге үйретуді мақсат еткен байқауда қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, мәдениетке деген сүйіспеншіліктерін паш етіп, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін  дәріптейтін сұрақтарға жауап беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы көрермен жүрегінен орын алуға тырысты.

 

 

Гүлназ Жұмабаева (Физика-математика ғылымдары жоғары мектебі), Жанерке Оразғалиева (Жасанды интеллект және құрылыс жоғары мектебі),  Дана Тәкен (Тамақ инженериясы зерттеу мектебі), Аружан Бекзат (Физика және химия ғылымдары зерттеу мектебі), Сара Келдібекова (Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебі) және Ақбота Әбілова (Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі) сынды аруларымыздың әр кезеңге тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Олар бір-бірін қайталамайтын қойылымдар және қызықты шығармашылық нөмірлермен жиналған қауымның көңілінен шыға білді.

 

Тек сыртқы сұлулықтың көрінісі ғана емес, ішкі жан дүниенің тазалығы мен рухани байлығының да айнасы болған байқауда Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің студенті  Сара Келдібекова «Шәкәрім аруы» атанды.