Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 сәуір 2024ақын, университетке тағзым, ұстаздарға алғыс

«РАҚМЕТ, SНАКАRIM UNIVERSITY!» РУБРИКАСЫ

Бүгінгі кейіпкер университеттің 2011 жылғы түлегі, ақын, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының Абай облысы филиалының төрағасы, 140 жылдан артық тарихы бар Абай атындағы облыстық кітапхананың директоры Мерей Мейіртайұлы Қарт.
- Менің студенттік кезеңім ең керемет сәттер десем болады. Сол шақтарды есіме алсам, белгілі ақын Ш.Сариевтің мына бір өлеңі есіме түседі.
Оралмас студенттік балшақтарым,
Отырам-ау мен бүгін аңсап бәрін.
Көрсем де қуаныштың шұғыласын.
Білмедім көзімнен жас қанша аққанын.
... Студенттік өмірім – шырын бе едің?
Тәттіліктен сен бәлкім білінбедің.
Менен де бақыттырақ көрінеді
Оқуға биыл түскен інім менің!
​Шынымен де, кім-кімнен болсын « ең керемет , қызық кезең қай уақыт?» деп сұрасақ, студенттік шақты айтады.
​Университет қабырғасында мерейі үстем ұстаздарымыздың бірегейі, ф.ғ.к. профессор Қинаят Шаяхметұлы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арап Сләмұлы, ф.ғ.к Фарида Задақызы және осы ұстаздардың шәкірттері менің ұстазым болды.
Қазақ филологиясы десе, ең бірінші әркімнің есіне Қинаят Шаяхметұлы түсуі заңдылық десем артық айтқаным болмас.
Тұтастай ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білімін, қазақ тілінің кең қанат жаюына арнаған жан еді, жарықтық.
Қинаят ағаның көзін көріп, аз да болса тәлімін алып үлгердік. Ол кісінің қаталдығы, талап қойғыштығы, тіпті студентті бағалауы да әлі күнге аңыз.
Шәкіртақыдан қағылып, оқудан да шыққандар тізімі аз емес. Оған көзі тірі, ағадан білім алған педогогтардың көбі куә.
Біз – Қиағаңның сәл жұмсарған тұсында оқыдық. Біз оқитын корпусымыз 3 корпус деп аталатын. Тура шіркеудің жанында орналасқан болатын. Есіме қызықты кезең түсіп отырғаны, соны айта кетейін...
Бір күні әдеттегідей Қинаят Шаяхметұлының лекциясы өтіп жатқан, (бағана оқу корпусымыз шіркеудің маңында дедім ғой) бір кезде шіркеудің қоңырауы қағылып, күміс әуен аудитория ішінде еркін есіп кетті. Топтас қыздарды күлдірейін деп..
– Мұғалім, қоңырау, түйіндеңіз лекцияңызды - деп қалдым. Қыздар сәл-пәл жымиып алды.
Қиағамыз саспайды. Бір кезде...
– Мерей, жаңағы қағылған қоңырау сендерге емес, орыс группаларына -деді. Бәріміз ду күлісіп, мәз-мейрам болыстық.
Қ.Шаяхметұлы қатаңдық таныта отырып, алдында отырған студентке терең білім нәрін себе білген, бір ғасырда бір туар ерекше педагог еді...
Менің ұстаздарым білім беріп қана қоймай, ерекше қамқорлық танытатын жандар.
Фарида Задақызы өзінің кез-келген студентіне аналық қамқорлығын аяған емес. Әрқашан ұстаздық білімімен ,аналық ақылын айтып отыратын.
Арап Сләмұлының орны тіптен ерекше. Әлі күнге дейін алдына барып, ақыл кеңесін алып, сол кісінің кеңесімен жүріп келеміз. Университет қабырғасындағы ұстаздарым, менің өмірімдегі бағдаршамым іспеттес. Менің сәл биікке шыққаным, шығармашылықта алған асуым осы ұстаздарымның арқасы деп білемін! Жасай беріңіздер, менің ұстаздарым! Мен білім алған, алтын ұям болған , Шәкәрім университетіне мың алғыс! Жыл сайын студенттеріңіз көбейіп, білім нәрімен сусындата беріңіздер!
 
 
 
 
 
Смотреть статистику
Все реакции:
36Думан Орынбеков, Наука Шакарим и ещё 34