20 ақпанда Семей қаласында «Vipusknik.kz-2025» республикалық білім көрмесі ашылды. Абай облысында алғаш ұйымдастырылып отырған көрмеге Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Өскемен, Семей қалаларының білім беру мекемелері қатысып отыр.
Көрмеге өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі – Shakarim University мамандары да қатысып, болашақ талапкерлерге кәсіптік бағдар беріп, университеттің жаңашыл білім беру бағдарламаларымен таныстырды.
Абай облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен өткізіліп жатқан көрменің ұйымдастырушысы талапкерлерге арналған Vipusknik.kz мамандандырылған республикалық интернет-порталы. Білім көрмесіне Семей қаласындағы барлық мектептердің 9, 10, 11 сынып оқушыларының қатысуы ұйымдастырылса, аудан мектептерінің оқушылары арасында zoom конференциясы арқылы қосылып, қажетті ақпараттар алу мүмкіндігі қарастырылған.
Көрме аясында заманауи білім беру технологиялары мен әдістемелері де таныстырылып, қатысушыларға еліміздің ең үздік оқу орындары мен олардың жетістіктері туралы кең ауқымды мәліметтер ұсынылады.
Бұл іс-шараның оқушылар үшін болашақ мамандықтарын таңдау, жоғары білім алуға талпыну және кәсіптік бағыттарын бағдарлауына үлкен мүмкіндік беретіні анық.



