"Шәкәрім университеті" КЕАҚ жанындағы Shakarim High School мектебінде бітіруші түлектерге аттестат тапсыру салтанаты өтті.
2024-2025 оқу жылын үлкен жетістіктермен аяқтап, биыл екінші рет түлектерін ұядан ұшырып отырған жас білім ошағы – Shakarim high school мектебінің 77 түлегі үлкен өмірге қадам басып отыр. 7 оқушы мектепті «Үздік аттестатпен» тәмамдаса, 6 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Үш түлек шетелдегі беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алып, мектеп мерейін өсірді. Атап айтқанда, Бибіәсия Бағдат пен Жанерке Айкешова Малайзияның Сямынь университетіне, ал Әмина Серікбек ҚХР Шанхай Политехикалық университетіне оқуға қабылданып үлгерді.
Қанаттары қатайып, үлкен өмірге қадам басқан түлектеріне Shakarim High School мектебінің директоры Бақыт Сейтқалиқызы Сейтқалиева ақжарма тілегін айтып, құттықтауын жеткізді.
«Қымбатты Shakarim High School мектебін бітіруші түлектер! Сіздер бүгін үлкен арманмен үлкен өмір айдынына құлаш ұрғалы аттанып отырсыздар.
Алда мыңдаған мүмкіндік күтіп тұр. Ең бастысы, өздеріңіз үшін дұрыс таңдау жасай біліңіздер. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын, таңдауларыңыз сәтті болсын! Баянды болашақтың байрағын көтеретін де, еліміздің ертеңі де – өздеріңіз»- деп түлектеріне үлкен сенім артатынын білдірді.
Айта кету керек, Shakarim high school мектебі оқушыларды 10 сыныптан бастап қабылдайды.




