Shakarim University-ге қарасты Shakarim Higher College аймақтарда Кәсіптік бағдар беру жұмысын жалғастыруда. Кезекті кездесу Бородулиха ауданындағы мектеп оқушыларымен өтті. 9-шы және 11-ші сынып оқушылары колледждің сұранысқа ие мамандықтары, қабылдау шарттары мен білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттар алды.
Дағдылы шешім орнына тікелей байланыс
15 жылдық тәжірибесі бар оқытушы Берік Жұмағұлов кәсіби кеңес берген Shakarim Higher College стенді оқушылардың назарын ерекше аударды. Ол колледж бағдарламалары, оқудың артықшылықтары және болашақта жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кәсіптік бағдар беру жұмысын цифрландыру туралы сөз болғанда, оқытушы көзбе-көз отырып сөйлесудің, қарым-қатынас жасаудың орны бөлек екенін атап өтті: «Цифрлық ресурстар тиімді, бірақ олар оқу орнының атмосферасын жеткізе алмайды. Жұмысшы мамандықтарында практикалық аспект өте маңызды. Біз мұндай сапар барысында тек ақпарат берумен шектелмейміз, бұл жерде өздеріңізді де осы іс-шараға қатыстырып, қызығушылықтарыңызды оятып отырмыз. Біз сауалдарға жауап береміз, оқушылардың қорқыныштары мен күмәні болса, талдаймыз, мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесеміз. Бетпе-бет қарым-қатынас өз-өзіңе деген сенімділікті арттырып, қай бағытқа қарай бет алу керектігін түсінуге мүмкіндік береді» - деді ол.
Мамандық таңдау – болашақты таңдау
Shakarim Higher College – бұл тек оқу орны емес, болашақ мамандардың қанатын қатайтатын орта. Кездесу барысында оқушыларға колледждің негізгі дайындау бағыттары туралы айтылды, оның ішінде сұранысқа ие техникалық, аграрлық және педагогикалық мамандықтар бар.
Колледж еңбек нарығы үшін кадрлар даярлауға бағытталған, сондықтан студенттерге аймақтағы жетекші кәсіпорындар базасында практикалық сабақтар өткізіледі. Дуалды оқыту, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі, ұлттық және халықаралық конкурстарға қатысу – бұл оқу үрдісін түсінікті әрі нәтижелі етеді.
Шәкәрім Жоғары Колледжі мамандықты саналы түрде таңдауға және мәнсапта табысты болуға көмек көрсету үшін кәсіптік бағдар беру кездесулерін жалғастыруда.
Қабылдау туралы қосымша ақпаратты мына телефон +7 708 207 45 05 арқылы немесе колледждің ресми сайтынан алуға болады.