Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі31 мамыр 2024дөңгелек үстел, жиын

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА ЗҰЛМАТ ЗАМАН ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Еліміздің барлық жерінде зұлмат жылдардың құрбаны болған сан мыңдаған адамның рухына тағзым етілуде. Shakarim University бастамасымен, Абай облысы ішкі саясат басқармасы мен Абай облысының мемлекеттік архивінің қолдауымен «Қасіретті жылдар зобалаңы тарих таразысында» халықаралық дөңгелек үстелі өтті. Жиынға университет басшылығы, Абай облысы әкімдігі, зұлмат жылдардың қасіретін зерттеген тарихшылар мен ғылыми қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Басты мақсат - халқымыздың тарихындағы ерекше ауыр кезеңнің бірі – тоталитарлық жүйе туғызған саяси қуғын-сүргін және қолдан жасалынған ашаршылық құрбандарын еске алу; жас ұрпаққа жазықсыз құрбан болғандардың бастарына түскен зұлматты көрсете отырып, адам құқығының аяқ асты болуының қайталанбауын жеткізу. Дөңгелек үстел ғұлама философ, 1931 жылы сотсыз, тергеусіз атылған Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне тағзым етуден басталды. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған.
Басқосуда Новосибирск қаласының РҒА Сібір бөлімі тарих институтының әлеуметтік-экономикалық даму тарихы секторының жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.д. Аблажей Наталья, т.ғ.к., профессор Каримов Мұхтарбек, т.ғ.к., «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы Кариева Тоты баяндама жасады.
Дөңгелек үстел аясында Абай облысының мемлекеттік архиві әзірлеген «Тарихтан тағылым» құжаттар көрмесі ұсынылды. Жиын барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия аясында шыққан Ильяс Қозыбаевтың «Скрытые лики террора: История в документах и судьбах» және Альбина Жанбосинованың «Вертикаль и горизонталь большого террора в Казахстане» көрнекті тарих саласы ғалымдары кітаптарының таныстырылымы өтті.
Құжаттардың арнайы тобын Қазақ КСР НКВД орталық аппараты партия ұйымдарының 1938 жылғы қараша – 1939 жылғы наурыздағы жабық мәжілістерінің хаттамалары құрайды. Партиялық мәжілістердің хаттамалары партиялық бақылауды қалпына келтірумен қатар, НКВД-ның ауқымды операцияларының артына үңіліп, қуғын-сүргін орындаушыларының күнделікті өмірін, белгілі бір қызметкерлердің жеке өмірін талқылаудың егжей-тегжейін көруге мүмкіндік береді.