Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 қазан 2022меморандум, ынтымақтастық

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МЕКТЕБІ: ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР

Шәкәрім университеті облыс мектептерімен өзара әріптестік байланыстарын арттыруға бағытталған кешенді жоспарын тұрақты түрде жүзеге асыруда. Ғылым мен жоғары білім және ағарту саласының оқу-әдістемелік, ғылыми-шығармашылық байланыстарын нығайтуға арналған «ЖОО - МЕКТЕП» жобасы талай жылдардан берi нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Shakarim University Семей қаласының білім бөлімі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №47 ЖОББМ» КММ-мен бірге «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ руханиятының көсемі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды.
Онлайн және офлайн форматтағы конференцияға Абай облысы әкімдігі, Семей қаласының әкімдігі, Шәкәрім университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, БАҚ өкілдері және отандық ахметтанушы ғалымдар қатысты.
Шара аясында Ахмет Байтұрсынұлының өмір тарихы мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ахметтану» кабинеті ашылды. Лента қию рәсімін Университет ректоры Б.Ердембеков пен облыстық білім басқармасының басшысы Н.Ахметқалиев жүргізді.
«Ахметтану» кабинетінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Басқарма төрағасы - Ректор Бауыржан Ердембеков тағылымды шараның маңыздылығын айтып, игі шараның еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпаққа қалтқысыз қызмет атқаратындығына сенім білдірді. Сондай-ақ 1912-1925 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың оқу құралы баспадан 7 рет шығарылғандығын, алдағы уақытта Шәкәрім университеті аталған оқулық негізінде кітап басып шығаруды қолға алатындығын тілге тиек етті.
– Конференция мектеппен бірге өте бермейтіні белгілі. Университеттің мектепке келуі үлкен байланыстың жолын көрсетеді. Шәкәрім шаңырағы бүгінгі таңда облыстың барлық мектептерімен байланысын күшейтуде. Себебі, 90-шы жылдары мектеп пен ЖОО-ның арасы алшақтап кетті. Іс-тәжірибеден өтетін білім алушылардың халі мүшкіл болды. Сол себепті де білікті мамандарды даярлауда біз бірлесіп қызмет атқаруымыз тиіс– деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Бүгін ресми түрде Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының филиалы ашылды. Университет ұжымы оқу орны атынан мектеп кітапханасына ғалымдардың кітаптарын табыстады.
Шара барысында жиынға қатысушы қонақтар Абай облысы білім басқармасының басшысы Н.Ахметқалиев бастаған басшылар мен мектептің ардагер ұстаздары құттықтау тілектерін айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Интеграциялық байланыстардың нәтижесінде университет пен мектеп арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ендігі кезекте, «Университет - мектептерде» атауымен білім беру мекемесінде танымдық кездесулер ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ Шәкәрім делегациясы интеграцияланған оқу жоспарлары, дуалды оқыту жүйесі, бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулерді және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Шара отандық ахметтанушы ғалымдар - ф.ғ.к., Г. Мамырбек, п.ғ.к., Қ.Мұқанова, ф.ғ.к., А.Сейтбекова, ф.ғ.к., Т. Қабышев, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №47 ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж. Мырзабековалардың баяндамаларымен жалғасын тапты.