Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде дүниежүзілік Сайлау күні аталып өтеді.
Сол халықаралық шараға орай 3 ақпан күні Шәкәрім шаңырағында да Дүниежүзілік Сайлау күні аталып өтті. Шараға Семей қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, в.ғ.д., профессор, «Құрмет» орденінің иегері З.Қ.Тоқаев, т.ғ.к., профессор, «Құрмет» орденінің иегері М.Қ.Кәрімов, жергілікті атқарушы билік өкілдері, гуманитарлық-экономикалық факультет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиын барысында Зейнолла Қалымбекұлы еліміздегі сайлау жүйесінің даму тарихы, сайлау заңнамасын жетілдіру бағдарламасы, Семей қалалық сайлау комиссиясының мақсат-міндеттері мен құрамы жайлы ақпараттармен бөлісті.
Шараға қатысушылар сайлау тарихы мен қоғам өміріндегі маңызы, сайлау құқығы, сайлау және сайлану мәдениетіне қатысты пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту мәселелері талқыланды. Аталмыш мәселелерде университетте өткен шара негізінен жастардың саяси сауаттылығын арттыру мен белсенді азаматтық позициясын қалыптастыру идеясын ұстанды. Демократиялық заман талабынан туындаған өзекті тақырып өз өміршеңдігін танытты.