2025 жылғы 20-25 қаңтар аралығында Қазақстанның жоғары оқу орындарының делегациясы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің басшылығымен Ұлыбританияның ExCeL London көрме орталығында өтіп жатқан Bett UK: Leading EdTech 2025 білім беру технологиялары саласындағы әлемдік көрмеге қатысуда.
Шара барысында Shakarim University Ректоры Думан Орынбеков және Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай Рединг университетіне сапармен барып, Фармацевтика, Экологиялық тұрақты даму мектептері және Білім беру институтының өкілдерімен нәтижелі кездесулер өткізді. Фармацевтика және химия саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу перспективаларын талқылап, қоршаған ортаны қорғау бағытында зерттеулер жүргізу үшін «айна» зертханаларды құру мәселесін көтерді.
Фармацевтика мектебінің маманы, Корольдік өнеркәсіп қоғамының стипендиаты Профессор Виталий Хуторянскиймен кездесу барысында тараптар фармацевтика және химия саласында бірлескен ғылыми жобалар мен тәжірибе алмасудың келешегі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеу жүргізу үшін айна зертханаларын құру мәселесі талқыланды.
Reading University-дің тұрақты энергетика және қоршаған орта бөлімі басшысы, доктор Эммануэль Аду Эсса және құрылыс инженериясы мен менеджменті профессоры, доктор Ирем Дикмен Токермен өткен кездесу де нәтижелі болды. Кездесу барысында тараптар физика және құрылыс менеджменті бойынша қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыру, сондай-ақ, Reading University профессорларының PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік көрсету жөнінде келісімге келді.
Білім беру мектебінің деканы, доктор Сара Марстонмен өткізілген кездесудің нәтижесінде екі университет инклюзивті білім беру және білім алушылар мен оқытушыларға арналған оқу әдістемесі бойынша қысқамерзімді курстарды дамыту туралы ортақ келісімге келді.
Осылайша, Shakarim University басшылығының Еуропаның жетекші университеттерінің бірі – Reading University-ге жасаған сапары ғылыми зерттеулерді дамыту, бірегей білім беру бағдарламаларын жасау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды жетістіктерге жеткенін көрсетті.