Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі06 маусым 2025шәкәрім университеті

Шәкәрім Университетінің ректоры Думан Орынбековтің Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

Құрметті оқытушылар, ардақты студенттер!

 

Университет атынан Сіздерді ең маңызды әрі шырайлы мерекелердің бірі – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын!

 

Бұл мереке – рухани тереңдігімен ерекше. Құрбан айт – ағайынның ауызбірлігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам.

 

Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандық, жақсылық пен қайырымдылық салтанат құратын тамаша сәт.

 

Бұл тек діни мейрам ғана емес,  бұл адамгершілік, кеңпейілдік, қамқорлық, өзара түсіністік секілді адами құндылықтарды есімізге салып, рухани тазаруға үндейді.

 

Дәл осы құндылықтар Шәкәрім университетінің алға қарай сенімді қадам жасауына негіз болды: жаңа ғылыми бағыттар дамып, халықаралық байланыстар нығайып, қуатты академиялық команда қалыптасты.

 

Бізге әлі де талай дүниені қайта ой елегінен өткізіп, қоғам және академиялық қауымдастық ретінде кемелдену кезеңдерінен өту қажет. Бірақ бір жайт айқын: біз бұрынғыдай емеспіз. Біз ішкі тұғырымызды бекіттік. Біз өз жерімізде, өз заңдарымызбен, өз моральдық және құқықтық нормаларымызбен өмір сүру құқығын берік сезіндік.

 

Міне, дәл осы сәтте рухани мәдениетіміздің нышандары ерекше мәнге ие болуда. Құрбан айт бабадан жеткен дәстүр ретінде біздің қуаттылығымызды арттыра түсетін: бір-бірімізге деген құрмет, әділдікке ұмтылу, жанашырлық пен өзара қолдау сынды қасиеттерді сақтауға және дамытуға жол ашады.

 

Баршаңызды осынау қасиетті мейраммен құттықтай отырып, әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге, төрлеріңіз ырыс-ынтымаққа толсын!

 

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт құтты болсын.

 

Құрметпен, Думан Орынбеков