Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 маусым 2024ғылым, ынтымақтастық, ғалымдар

SHAKARIM UNIVERSITY АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ҒАЛЫМДАРЫ АСПАН АСТЫ ЕЛІНДЕ

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Бүгінде Shakarim University шетелдік жоғарғы оқу орындарымен тәжірибе алмасуын жалғастыруда. 2024 жылдың басынан бері Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің бірқатар ғалымдары Түркия елінде ғылыми тағылымдамадан өтсе, ендігі кезекте Жібек елі атанған Қытай мемлекетінің Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде тәжірибе алмасуда. Бұл аграрлық саладағы ғылыми жаңалықтардың дамуы үшін таптырмас мүмкіндік екендігі айқын.
Қызметтік іс-сапар делегациясы қатарында «Ветеринария және ауыл шаруашылығы» зерттеу мектебінің деканы Н.Ж. Есенгулова, профессор С.Т. Дюсембаев, Агротехнопарк басшысы Ш.Қ.Сулейменов және ғылыми қызметкер Э.Абдуллина бар. Ғалымдар шетелдік ЖОО-ның ғылыми жетістіктерімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Қытай Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты ерекше жандандыра бастады. Қытай компаниялары Қазақстанда мұнай ғана емес, өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа маңызды салаларда бірлесіп жұмыс істеуде. Қос тарап болашақта бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді. Сапардың да түпкі мақсат-міндеті сол.
Айта кетерлігі, былтыр Мемлекет басшысы Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде ресми сапармен барды. NWAFU орналасқан провинция Абай облысымен ұқсас. Қос университет те 2024 жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ағымдағы оқу жылында Шәкәрім университетіне аталған білім ордасынан бір топ қытайлық магистрант академиялық ұтқырлықпен келген болатын. Отандық ғалымдардың іс-сапары агрономия, қайта өңдеу, ветеринария саласындағы зерттеулерге жаңа инновациялық технологияларды енгізуге септігін тигізеді.

Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі да ақымақтық.

Абай Құнанбайұлы