Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі15 қаңтар 2025қысқы мектеп

SHAKARIM UNIVERSITY-ДЕ ҚЫСҚЫ МЕКТЕП КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Shakarim University профессор-оқытушылар құрамы «Қысқы мектеп - 2025» курсының ашылуына жиналды. “АІ дәуіріндегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер: білім берудің интеллектуалды трансформациясы” деп аталатын қысқы мектеп курсы 15-17 қаңтар аралығында өтеді. Университеттің оқытушылары үшін ұйымдастырылған бұл қысқы мектеп курсы заманауи технологиялар дәуіріндегі білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктерді талқылауға арналған.
 
 
«Білім беру үдерісіндегі заманауи технологиялар», «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі», «Университетті басқарудағы біліктілік талаптары. Жетекші университеттер тәжірибесі» тақырыптарын қамтыған алғашқы күні Astana IT University-дің сеньор-лекторы Арайлым Әшімбекова, Ұлттық тестілеу орталығы, Ғылыми зерттеулер мен психометрика зертханасының меңгерушісі Ләззат Шинетова, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Альмира Искакова, «Медиа дамыту қоры» КҚ басқарушы директоры Медетжан Ізғұтты, сондай-ақ, университеттің Білім сапасын бағалау орталығының, Білім бағдарламаларын жобалау және әдістемелік сүйемелдеу бөлімінің, Тіркеу офисінің басшылары дәріс өткізді.
 
 
Курстың алғашқы күнінде қатысушы оқытушылар жасанды интеллект (АІ) технологияларының білім беру процесіне ықпалы, тестология бойынша студенттердің білімін бағалаудың заманауи тәсілдері, цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі және ақпараттық дағдарыс кезіндегі коммуникация бойынша дәріс тыңдап, білім беру саласындағы инновациялар мен цифрлық құралдарды енгізудің тиімді жолдары жайлы білімдерін байыта түсті.
 
 
Білім беру сапасын арттыруға бағытталған қысқы мектеп курсына университеттің 150-ге жуық оқытушысы қатысып, АІ заманына бейімделу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге ерекше назар аударуда.
 
 
Бұл бастама – Shakarim University оқытушыларын заманауи талаптарға сай жаңашыл көзқарастармен қаруландыруға және білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.