Бүгін, 16 маусымда, Астанада «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының алаңында «Орталық Азия – Қытай» форумы өтті. Компанияның мәліметінше, Қазақстан Қытайдың жетекші компанияларымен 60-қа жуық келісімге қол қойды. Солардың бірі — Shakarim University мен Xi’an Jiaotong University (ҚХР) арасындағы Халықаралық электрлік автоматика зертханасын құру туралы келісім.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков атап өткендей: «...дәл осы келісім университеттер картасының шекаралары өзгеріп жатқанын айқын көрсетті».
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында өткен рәсім екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық серіктестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді және «Орталық Азия – Қытай» Екінші индустриялық-инновациялық саммиті қарсаңында ұйымдастырылған Форумның басты бағыттарының бірі болды.
«Халықаралық электрлік автоматика зертханасы» жобасы туралы
Жаңа зертхана Абай облысындағы өңірлік жоғары оқу орны — Shakarim University базасында құрылады. Жоба Қытайдың алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарының бірі — Xi’an Jiaotong University-пен бірлесіп іске асады. Зертхана электрлік автоматика, «жасыл» логистика, ақылды көлік жүйелері, цифрлық шешімдер мен интеллектуалды өндіріс салаларындағы қолданбалы зерттеулермен айналысады. Бұл — университет білім, технология және индустрияны тоғыстыратын ғылыми-инженерлік және кадрлық хаб ретінде әрекет ететін трансұлттық инновациялық модельдің өзегі болады.
Қаржыландыру және инфрақұрылым
Қытай тарапынан 5,3 млрд теңгеден астам инвестиция бөлінеді — құрылғылар, бағдарламалық қамтамасыз ету, кадрларды оқыту және зертханаларды жаңғырту үшін.
Қазақстан тарапынан 1000 м² инфрақұрылым, әкімшілік үйлестіру және өңірлік ғылыми-білім беру экожүйесіне толық интеграция ұсынылады.
Мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру талап етілмейді.
Өңірді таңдаудың негізділігі
Абай облысында зертхананың орналасуы бірқатар маңызды факторларға байланысты: инфрақұрылымдық шығындар мегаполистермен салыстырғанда 2,5 есе төмен; Семей–Бақты–Бакту логистикалық дәлізі бар; жүздеген жаңа жұмыс орнын құру әлеуеті бар; өңірді Қазақстанның шығыс дәлізіндегі технологиялық тірекке айналдыру бағыты.
Күтілетін нәтиже мен әсері
Жыл сайын 10-нан астам қолданбалы технология трансфері, шағын инновациялық кәсіпорындарды іске қосу, зияткерлік меншіктен түсетін кірістер, студенттік және зерттеу жобаларын дамыту, жобаны Қазақстанның басқа өңірлеріне кеңейту.
Жоба жас ғалымдарды өңірде тұрақтандыруға ықпал етеді және инженерлік шешімдерді жергілікті жерде әзірлеу арқылы зияткерлік еркіндікті қалыптастырады.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков:
«Қытайлық әріптестермен артып келе жатқан серіктестіктің арқасында Shakarim University ғылым, индустрия және білімнің инфрақұрылым, қаржы және кадрлар тұрғысынан тоғысатын өңірлік орталығына айналуда. Бүгінгі трансұлттық ғылыми ынтымақтасты қмоделінің іске қосылуы — өңірден басталып, нақты нәтиже беруге бағытталған жоба. Бұл — жастар кадрына қатысты мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді. Мұндай өңірлерде білім шынайы жобаларға айналатын, ал жастар өзгерістердің қозғаушы күшіне айналатын орта қалыптасып жатқаны бүгін Shakarim University мысалында айқын көрініс тапты»- деп ата өтті.
