Құрметті түлектер! Қадірлі ұстаздар, ата-аналар, әріптестер, серіктестер!
Бүгінгі күн – ерекше күн. Бұл күн таңдаудың, өсу мен есеюдің, тынымсыз ізденістің, еткен еңбек, төккен тердің барлығын бір ортақ нүктеге тоғыстырады – ол жаңа өмір кезеңінің бастауы.
Shakarim University мен біздің колледжімізден 2600-ден астам түлек диплом алып отыр. Университет – тек білім ордасы ғана емес, жастардың тұлғалық ерекшеліктерін, өзіндік көзқарастарын, жалпы ішкі қасиеттерін қалыптастырған орын болды. Білімнің нақты нәтижесі, міне, осы.
Shakarim University өз студенттерімен бірге өсіп келеді. Соңғы жылдары біз ғылыми-зерттеу зертханаларын аштық, ғылыми базаны күшейттік, жаңа халықаралық әріптестіктер орнаттық, инфрақұрылымды уақыт талабына сай қайта бейімдедік. Қазір біз әлемдік QS World University Rankings 2026 тізіміне енгенде, бұл – ұжымдық жұмыстың жемісі екенін анық сезініп отырмыз.
Оқытушыларға кәсіби біліктілігі мен өз ісіне адалдығы үшін алғысымды білдіремін.
Бізге сенім артып, балаларына әрдайым қолдау көрсеткені үшін ата-аналарға да ризашылығым шексіз.
Жұмыс берушілер мен серіктестерімізге студенттеріміздің кәсіби құзыреттілігін іс-тәжірибе барысында дамытуға, алған білімінің нақты мәнін айқындауға көмектескені үшін алғыс білдіремін.
Қымбатты түлектер!
Алдағы қадамдарыңыз мағыналы, батыл және адал болсын. Осы жерде алған біліміңіз өз жемісін береді. Университет әрқашан сіздердің қастарыңыздан табылады.
Алда – кәсіби жол, таңдау, жауапкершілік тұр.
Осы жылдар ішінде сіз не түсіндіңіз? Сіз үшін қандай басымдықтар маңызды болды? Университет сізге не үйретті? Сіз қанша дос таптыңыз? Алғашқы қателіктеріңізден қандай сабақ алдыңыз? Мәңгі есте қалған алғашқы жетістігіңіз қандай? Мұның бәрі сіздің өсіп-жетілу жолындағы жеке портфолиоңыз.
Сіз бұл жерден тек сапалы біліммен емес, мол тәжірибемен қанаттанып барасыз. Оны басқа бір жерден жүктеп немесе көшіріп алу мүмкін емес.
Сіздер оқып жүрген кезде сіздердің білімдеріңіз бағаланып отырды. Енді сіздер білімнің өзі өсу екенін түсінесіздер деп ойлаймын.
Ал Shakarim University – өсу алаңы.
Бұл – идеялар туатын, берік байланыстар қалыптасатын орын. Ал Сіздер – өзгерістер дәуірінде білім алған және сол өзгерістердің бір бөлшегіне айналған ұрпақсыздар.
Соңғы екі жылда университет Сіздермен бірге өзгерді.
Бүгінде университет – жаңа технологиялардың, өндірістердің, жұмыс орындарының бастауына айналып отыр. Демек, Сіздердің білімдеріңіз, идеяларыңыз бен қажыр-қайраттарыңыз осы жерде және қазір қажет.
Егер Сіздердің қатарларыңызда одан әрі магистратураға, ғылымға, ғылыми жобаларға құлаш ұрам дегендер болса, біз Сіздерді күтеміз!
Сіздің дипломыңыз – Сіздің миссияңыз. Бұл есіңізде болсын!
Университеттен алған біліміңіз бен тәлім-тәрбиеңіз жай ғана қор емес, шынайы, мағыналы, қоғамға қажет өмірдің іргетасы болсын.
Shakarim University түлегімін деп мақтанышпен айтып жүріңіздер.
Бүгін Сіздерге үлкен үміт артып отырған ұстаздар мен ата-аналардың атынан: сеніммен қадам басыңыздар, жауапкершілікпен әрекет етіңіздер, абыройлы өмір сүріңіздер,- дегім келеді.
Біз Сіздердің әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз!
Жолдарыңыз ашық болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков